in

Биылғы негізгі ҰБТ-ның аралық қорытындысы жарияланды

Ғылым және жоғары білім министрлігі биылғы негізгі ҰБТ-ның аралық қорытындысын жариялады, деп хабарлайды astana24.com ведомствоға сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі ҰБТ 92 мыңға жуық рет тапсырылды. Талапкерлердің 71 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 29 пайызы орыс тілінде және 164 адам ағылшын тілінде тапсырды.

Екінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 65 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 63. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.

Сондай-ақ ведомство өкілдерінің айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 235 талапкер қатысты.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің екінші аптасында 178 ереже бұзушылық анықталды. 103 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 75 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетейік, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.