26 қарашада Кинопоискте "КОБА II" шығады. Бұл – 2025 жылы алғашқы күндерден-ақ платформаның топ-10 тізіміне енген қазақстандық криминалдық драманың екінші маусымы. Оның авторы Нұртілеу Амангелді кино мамандығын оқымаған: ол – мәдениеттанушы, ақпарат саласында еңбек етіп, министрдің кеңесшісі болған. Екінші маусымда ол алғаш рет камера артына өзі тұрды. Біз онымен жеке қасірет сериалдың негізіне қалай айналғаны, инвестор неге жобаға емес, адамға сенгені және "Кобаның" авторы өз басты кейіпкерін неге жақтырмайтыны туралы сөйлестік.
— Сіз киноға кино әлемінен келген жоқсыз. Бәрі неден басталды?
— Мен кино саласының адамы емеспін. Мамандығым – мәдениеттанушы, ақпараттық сүйемелдеу саласында продюсер болып жұмыс істедім, 2022 жылы мәдениет министрінің кеңесшісі болдым. Креативті индустриямен үнемі араластым: достарым музыкалық лейблдер, музейлер ашып, өз ісін бастап жатты, ал менің жұмысым "сұр кардиналдың" жұмысы еді – бәрін басқалар үшін істеу.
"Коба" идеясы өте қарапайым жағдайда туды. Дүкенге сүт алуға шықтым, қара көлікті көріп, ойланып қалдым: қазір осы көлікке отырып, бір шаруамен кетіп қалсам – ол қандай шаруа болар еді? Сірә, жедел уәкіл болар едім. Әріптестерім де болар еді, біз төртеу болар едік. Бәрі осылай басталды.
— Ал мұны өзім жасаймын деп неге шештіңіз?
— Ол кезде 29 жаста едім. Отызға таяған кез келген ер адам сияқты, "дұрыс өмір сүріп жүрмін бе?" деп ойландым. Басқалардың идеясын сәтті жүзеге асырып, соның ақысын алып жүрмін. Ал өзімнің бір дүниемді жасай аламын ба? Сосын бойымда спорттық құмарлық оянды. Өмір бойы дебатпен айналыстым, өз дәлеліме сенімді болуға үйрендім. Сапалы сериалды шағын бюджетпен де түсіруге болатынын өзіме дәлелдегім келді.
Оның үстіне 29 жасымда идеяға ақша сұрап жүруге ұялдым. Сондықтан алдымен өнімді – пилотты түсіріп, жұртқа соны алып баруды шештім. Кинопоискпен алғашқы зумымыз да осы пилоттың арқасында болды.
— Сіз "Коба" інің мен әкеңізден айырылған қайғыны көтеруге көмектесті дегенсіз. Бұл жоба сіз үшін қаншалықты мәнге ие?
— Толығымен. Әкем ІІМ зейнеткері еді. Үйде бір ғана теледидар болды, онда үнемі милиция туралы сериалдар жүретін — бүкіл отбасымызбен көретінбіз. Біз үш ағайынды едік. Кенжеміз режиссерлікті оқыды — оны мен талап еттім: ол видеографияға қызығатын, ал мен продюсер болғандықтан, кейін оны алға сүйреймін деп ойладым.
Пилотты 2023 жылы түсірдім. Кейіпкерлердің біріне Маха деген есім бердік – ол әкемнің есіміне үндес. 2024 жылы інім аурудан кенеттен қайтыс болды, үш айдан кейін әкем де дүние салды. Содан кейін тағы бір жылдай қаржы таба алмадым.
Жобаны соларға арнаймын деп еш жерде жазған емеспін. Бірақ продюсер ретінде режиссер де болғанымда, ал оқиғаның өзі жедел уәкілдер туралы, әкемнің өмірі туралы екенін көргенде, бұл жоба соларға тиесілі екенін түсіндім. Олар үлгермеген істі жасау менің мойныма жүктелді. Терең депрессияға батып кетпеудің жалғыз жолы осы еді.
— Сценарийдегі көп нәрсе өмірден алынды ма?
— Бәрі. Байқағыштық, кездескен адамдарым, жұмыс істеген жерлерім. Әр кейіпкер – жиынтық бейне.
— Неге дәл криминалдық драма?
— Мен қылмыс жанымызда жүрген қалада өстім. Оған өзім араласпадым, бірақ бәрінің қалай болып жатқанын көрдім. Сондықтан оны романтикаға айналдырғым келмеді. Керісінше қылмыс әлемінен оның символдарын – былғары күртеше мен қара көлікті тартып алып, жедел уәкілдерге бергім келді. "Қара көліктегі төрт жігіт – міндетті түрде бандит" деген түсінік бұзылсын дедім: олар тәртіпті күзетіп жүрген адамдар болуы да мүмкін.
Қаланы аралап жүргенде күштінің әлсізді қорлап жатқанын көресің. Көліктен түсіп, қорлаушыны тоқтата алатын кейіпкер болғанын қаладым. Ондай жігіттер түрлі департаменттер мен құрылымдарда расында да бар.
— Ақшаны қалай таптыңыз?
— Ең үлкен тәуекел инвестиция тарту туралы шешімнің өзі болды. Менің шағын креативті студиям бар, ал мен демеушілері бар ірі компаниялар жүрген жолдан өтіп жатырмын. Қазақстандық медиа-инвесторлар толықметражды фильмге көбірек салады – бұл түсінікті бизнес-шешім. Менен "сериалдың саған не керегі бар?" деп сұрайтын. Мен ұзақ мерзімге ойнағым келетінін айттым. Бәрі киномен ойнап болып, сериалға келгенде, бұл орынды біз әлдеқашан алып қойған боламыз.
Екі жыл бойы ақша іздеп, не істерімді білмей қалдым. Сонда бір кездесуде инвестор он минуттан кейін: "Мен жобаға емес, саған инвестиция салып отырмын", – деді. Бұл "Бақытқа ұмтылу" фильміндегідей болды. Бұрын-соңды болмаған питч жасадым, мінсіз презентациясыз. Ал алдымда өте қарапайым киінген адам отырды –инвестор міндетті түрде "Роллс-Ройс" мінеді деген стереотип басымда күл-талқан болды. Оны менің осы сома үшін жауапкершіліктен қорықпағаным баурап алды деп ойлаймын.
— Сізде "Өзімізден өзіміз ұрламаймыз" деген қағида бар. Бұл нені білдіреді?
— Мен үшін ең алдымен бедел маңызды. Айналамда менімен жұмыс істегісі келетін адамдар көбейе берсе екен деймін. Қаржы жетпей қалып, үйде отбасы мен несиелер күтіп тұрса да, ең алдымен командамен есеп айырысамын. Жеке қажеттіліктерім үшінші орынға ысырылады.
Бізде "продюсерде ақша ешқашан болмайды" деген стереотип қалыптасқан. Бірақ жобаға жүз миллион берілсе, сол жүз миллионның аясында жұмыс істе, бәрін жобаға сал. Бәрі осылай ойласа, индустрияда серпіліс әлдеқашан болар еді.
— Екінші маусымда режиссер болдыңыз. Неге?
— Өзімді киногер деп те санамаймын, мен продюсермін. Бірінші маусымда режиссер көптен бергі досым Нұржан Еркінұлы болды. Ол алғашында бас тартты – бұл мүлде оның жанры емес, ол лирикалық комедияларды жақсы көреді. Бірақ достық басым түсті.
Екінші маусымға қарай рульге өзім отыруым керек екенін түсіндім. Сценарийді өзім жаздым, бірінші маусымның монтажында монтажшының қасында отырдым. Жауапкершілікті өз мойныма алғым келді: бірдеңе дұрыс болмаса, жауапты мен боламын. Түсірілім алаңында менімен дипломы бар режиссерлер жұмыс істеді. Мен: "Жігіттер, білімі жоқ режиссер білімі бар режиссерлерді жалдап отыр – мен қалағандай істеңдер", – деп әзілдейтінмін. Олар үшін бұл да тәжірибе болды. Қазір, сериал дайын болуға жақындағанда, шешімнің дұрыс болғанын түсінемін. Франшизаға жеткің келсе, өзің локомотив болуың керек.
— Екінші маусымда не өзгерді?
— Құрылым мен рухты сақтадық – былғары күртешелер орнында. Актерлер құрамын және команданың бір бөлігін ауыстырдық, дебютант оператор Алмасхан Қосаевты шақырдым. Жігіттерге: "бірінші маусым жаман емес, бірақ екіншісі одан бір бас биік болуы керек", – дедім.
Басты өзгеріс – күндізгі көріністер көп. Түнгі жедел уәкілдер туралы оқиғаның тым қараңғы шығуы – менің қателігім еді. Екінші маусымда 77-ге жуық локация бар: бос тұрған "Астана Аренадағы" екі адамның әңгімесі ең алыс жалпы планда, Бәйтеректің ішіндегі көрініс, LRT-дағы төбелес. Сондай ауқымды кеткеніміз сонша, бүкіл Астана біздің бірдеңе түсіріп жатқанымызды білді.
Процестің өзі де өзгерді. Бірінші маусымда пазл шатқаяқ еді: белгісіз продюсер, не болып жатқаны түсініксіз, бәріне жағуға тырыстық. Екіншісінде есім де, рейтинг те, Кинопоиск та бар еді. Актерлер неге баратынын да, менің мінезімді де білді – мен өте талапшылмын.
— Маусымның басты интригасы – антагонист рөліндегі Тәуекел Мүсілім. Неге дәл ол?
— Оның әкесі туралы айтқан подкасты ұнады. Ол онда шынайы еді: жуан дауыс, сабыр, кідірістер. Сол подкастта ол ғашық-кейіпкер стереотипін өзі-ақ талқандады. Мені райымнан қайтарғысы келгендер болды: әдемі, бойшаң, одан қорқынышты кейіпкер шықпайды деді. Ал мен оның бойынан осы жолдан өткен ер адамды, үш баланың әкесін көрдім.
Оған сегіз серияның бәрін жібердім. Алаңға келгенде оған ойнаудың қажеті болмады – сөйлеп, екпін қойса жетіп жатыр. Әкесінің баласы – қан тартпай қоймайды: сол кескін-келбет, сабыр, ер мінез, сөз арасындағы кідірістер. Бізде нағыз жасырын антагонист бар екенін түсіндік. Оның бір репликасын мен маусымның философиясы деп санаймын: "Отбасымызға тиіспейінше, біз жаман адам емеспіз". "Шоқынған әкедегідей": бәрінің іргетасы – отбасы, ал қай жолмен жүруді әркім өзі таңдайды.
— Жұлдыздарды қалай жинадыңыз?
— Бір досым: "Адамдармен араласып жүр, ол да адам екенін ұмытпа", – деген еді. Тәуекелге өзім: "Сәлем, менің атым Нұртілеу", деп хабарластым. Ол түсірілімге отбасымен көлікпен келді, біз оларға жағдай жасап, балаларымен бірге орналастырдық. Жұлдыз да – кәдімгі адам: оның да несиесі бар, балабақшасы бар, балаларына киім алуы керек.
Марат Амираев 2023 жылғы пилотқа да түскен, Маха рөлі бастапқыда соған арнап жазылған еді, бірақ кестесі тығыз болғандықтан оны Азиз Бейшеналиев ойнады. Екінші маусымда Маратты қайтару мен үшін маңызды болды. Басқа түсірілімдері аяқталған бойда ол қуана-қуана көлігіне отырып, Бішкектен Астанаға келді.
— Жобаға голливудтық колорист Джефф Олм қалай келді?
— Бізді режиссер әрі продюсер Марина Құнарова таныстырды. Алғашында қауіптендім: бізде кейде біреуді "Голливудтан" алып келіп, жұлдыз ретінде жарнамалайтын жағдай болады. Бірақ Джефф – нағыз маман, "Кек алушылар", "Галактика күзетшілері", "Бесінші элемент" жобаларында жұмыс істеген. Әрі өте мейірімді адам.
Голливуд өлшемімен B санатты студия деңгейіндегі продакшнды бізде екі-үш адам атқаратыны оны таң қалдырды. "Instagram-ыңды кім жүргізеді?" деп сұрады. Мен: өзім. Мәтіндерді өзім жазамын, дизайнерге тапсырманы өзім беремін. Ол: бұлай болмайды, жұмысты бөліп беруің керек, деді. Түс бойынша тапсырманы былай қойдым: "Тоқсаныншы жылдар, бірақ біздің заманда". Ол бірінші маусымды америкалық продюсерлерге көрсетті, жауап мынадай болды: "Кобаны" Америка үшін сатып алуға екінші маусым керек – біз тұрақтылығын дәлелдеген өнімді сатып аламыз. Әлі күнге дейін араласамыз, ол ақыл-кеңесімен көмектесіп жүр.
— Бірінші маусым әділдік туралы болса, екіншісі не туралы?
— Әділдіктің құны туралы. Басты кейіпкер қандай құн төлейді, сол туралы.
Шынымды айтайын: менің ең ұнамайтын кейіпкерім – Коба. Ол – өзімшіл: өз махаббатын серіктестерінің өмірінен жоғары қойып, бәрінің өмірін құртты. Болған жайттан кейін оның өзін қалай ұстайтыны бізге қызық болды. Бірінші серияда Коба үндемейді дерлік. Ол бір минут бойы мүлдем тыныштықта су ішіп отыруы мүмкін – сонда бұл адамның іштей азап шегіп жүргенін түсінесің.
— Сериалда сыбайлас жемқорлық туралы айтылады. Шынайы әңгіме мен романтикаландырудың шекарасы қайда?
— Екінші маусым өте күшті шықты, біз ең жоғары лауазымдардағы сыбайлас жемқорлық туралы айтамыз. Бұл – көп айтыла бермейтін тақырып, бірақ мұндай нәрсе болып жатыр. Біз бұл туралы айтамыз – және оны айыптаймыз. Мен мемлекетшілмін. Менің басты нарративім әрқашан – заң мен тәртіп.
Мен де қоғамдық көлікпен жүремін, үйге алаңсыз қайтқым келеді, қарындастарым мен інілерімнің абьюзерлерден қорықпағанын қалаймын. Бізде бандиттің біреуді қорлайтын немесе күштінің әлсізді ұратын көріністері жоқ. Сериал "мықты бандиттерсіз", адал шықты.
— Бес жылдан кейін "Коба" қандай болады?
— Бес маусым және үлкен франшиза болғанын қалаймын. Спин-оффқа лайық кейіпкерлер бар: Маха тоқсаныншы жылдары немен айналысты, Марат Амираев ойнайтын Данияр кім болды, Мұса Қытайға қалай тап болды және оның ағасына не болды.
Қазір іздеу жүйесіне "Коба" деп терсең, бірінші Сталиннің бүркеншік аты, екінші біздің сериал шығады. 10-15 жылдан кейін балаларымыз үшін "Коба" ең алдымен жедел уәкіл-батыр туралы сериал болғанын қалаймын. Әрі тәуелсіз студиялар үшін шамшырақ болса екен. Бізден мұны ешкім сұраған жоқ – Кинопоиск те, басқа ешкім де. Өзімізге деген сұранысты өзіміз тудырып, мұның мүмкін екенін көрсеттік. Айтпақшы, мен кино түсірмеймін – тек сериал.
— Үлкен стримингті армандайтын тәуелсіз студияларға қандай кеңес бересіз?
— Өз идеяларыңызға сенімді болыңыз. Маған "жоқ" деп айтқанды ұнатамын: бас тартқан сайын сол адамның қателескенін дәлелдегім келіп, құмарлығым оянады. Мұны өзіңіздің үнсіз күшіңізге айналдырыңыз. Бір күні мұның бәрі постер, трейлер, келісімшарт болып шығатынын біліңіз. Ол күн міндетті түрде келеді. Өзіңізге сеніңіз, тыныш еңбек етіңіз және үлкен бюджетпен түсіретіндерді қызғанбаңыз. Кофе ішіп, өз күніңізді күтіңіз.
"КОБА II" 2026 жылғы 26 қарашада эксклюзивті түрде Кинопоискте шығады. Маусым 8 сериядан тұрады, қазақ және орыс тілдерінде.
