in

"Таза Қазақстан" акциясы аясында Жетісу облысында "Жетісудың 7 қазынасы: Тамшыбұлақ" экологиялық акциясы өтті

"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Жетісу облысында "Жетісудың 7 қазынасы: Тамшыбұлақ" экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Игі бастама туған өлкенің табиғи мұрасын сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және өңірдің көрікті жерлерін келер ұрпаққа аманат ету мақсатында жүзеге асырылды, деп хабарлады Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы.

Акцияның негізгі мақсаты — Жетісу өңірінің табиғи мұрасын дәріптеу, Тамшыбұлақ бұлағының экологиялық тазалығын сақтау, жастардың экологиялық мәдениеті мен табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру болды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау, туған өлкенің табиғи байлықтарына жанашырлықпен қарауды насихаттау және жастардың экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысуына ықпал ету көзделді.

Экологиялық акция аясында Жетісу облысының жастары Тамшыбұлақ бұлағының бойына алма көшеттерін отырғызды. Бұл бастама табиғи аумақты көгалдандыруға, жасыл желек көлемін арттыруға және бұлақ маңындағы қоршаған ортаны көркейтуге бағытталды. Ағаш отырғызу арқылы жастар туған жердің табиғатына қамқорлық танытып, экологиялық жауапкершіліктің нақты іспен көрініс табатынын көрсетті.

Акцияның ерекшелігі — оның нәтижесі бір күндік шарамен шектелмей, уақыт өте келе жемісін беретін игі іске айналуында. Акция барысында отырғызылған әрбір алма көшеті алдағы жылдары тамырын тереңге жайып, саялы ағашқа айналып, жеміс береді деп күтіледі. Жылдар өткен соң осы аумақта жайқалған алма ағаштарын көріп, олардың игілігін келер ұрпақ көреді. Бұл бастама бүгінгі буынның болашақ алдындағы жауапкершілігін білдіріп, табиғатқа деген жанашырлықты нақты іспен ұштастырды.

"Жетісудің 7 қазынасы" бастамасы өңірдің табиғи мұрасын кеңінен танытуға, оның құндылығын ұғындыруға және туған өлкенің байлығын қорғауға қоғам назарын аударуға мүмкіндік берді. Ал "Таза Қазақстан" акциясы аясында жүзеге асырылған бұл жұмыс жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, табиғатты қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін насихаттады. Бүгін отырғызылған алма көшеттері — келешек ұрпаққа қалдырылған игі мұра. Табиғатты қорғауға бағытталған осындай бастамалар туған өлкенің көркеюіне үлес қосып, қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың маңызын көрсетті", – деді волонтер және қоғам белсендісі Владимир Чепель.