in

Таразда тілсіз жау 10 отбасын баспанасыз қалдырды

Таразда тілсіз жау бір-ақ сәтте 10 отбасын баспанасыз қалдырды. Бес күннен бері тұрғындар түнейтін жер таппай жүр, деп хабарлайды Astana TV.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, өрт барак үлгісінде салынған, яғни бір шатырдың астындағы 10 пәтерлі тұрғын үйдің бірінде тұтанған. Қызыл жалын лезде шатырды жағып, тұрмыстық техника мен көліктерге де зақым келтірген.

"Үйіме кіре алмаймын. Суы ағып жатыр. Әлі де ағып жатыр, керме төбенің іші толып тұр", – дейді тұрғындардың бірі.

Айдың-күннің аманында үйсіз-күйсіз қалғандар енді не істерлерін білмей дал. Жауаптылар желіде зардап шеккен отбасыларға ақшалай жәрдем беріп жатырмыз дегенін көргенде тұрғындар аң-таң болған. Алайда көпшілік жергілікті биліктен ешқандай көмек көрмедік деп қынжылады.

"Қайдағы, ешкімге берген де жоқ. Ақша түгілі тиын көрген жоқпыз. Палаткада тұрып жатырмыз", – дейді Ахметжан Жамалбеков.

Осылайша далада қалған отбысылар енді ұл-қызын мектепке жібере алмай отыр. Өйткені тұрмыстық заттар өртке оранып, көрпе-төсек бәрі бүлінген. Шаһар басшысы барар жері жоқ 2 отбасыны арнайы әлеуметтік орталыққа жайғастырды. Енді қалған жанұялар да далада қалмайды деп отыр. Ал өтемақы мен тиісті көмек көрсету тергеу ісі аяқталған соң ғана жүргізілетінін айтады.

"Екі күнде толық өзінің тергеу амалдарын аяқтайды. Бізге нәтижесін береді. Соны негізге ала отырып, біз төлемдердің көлемін анықтаймыз. Оған дейін ол қорытынды біздің қолға тимей біріншіден төлемдерді жасай алмай отырмыз. Екіншіден, құрылыс жұмыстарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастай алмай отырмыз", – деді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Құзырлылар қазір өрттің неден тұтанғанын анықтап жатыр. ТЖД мен қала билігі апта соңына дейін шығын көлеміннің нақты есебін шығармақ.