Сәуірде Шымкент әуежайында болған оқиғаға байланысты әскери бөлім жауапты деп танылды. FlyArystan әуе компаниясының ұшағы аумаққа кіріп кеткен шибөріні қағып кеткен. Бұл туралы Kazinform-ға сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.
Биыл сәуірде Алматыдан ұшып келген әуе кемесі Шымкент қаласы әуежайының ұшу-қону жолағына қонғаннан кейін жануармен соқтығысты.
Әуе кемесінің бөлшектері зақымданды. Ол кезде ұшақ итке соқтығысқаны хабарланған болатын.
Факті бойынша тергеу жүргізілді. Сарапшылар ұшақтың жабайы жануарды, алдан ала болжам бойынша, шибөріні қағып кеткенін анықтады.
"Комиссия авиациялық оқиғаға №55652 әскери бөлімінің жауапкершілік аймағындағы периметрлік қоршаудың бүтіндігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеуі себеп болды деген қорытындыға келді.
Тергеу нәтижесінде жабайы жануардың – алдын ала болжам бойынша, шибөрінің – ұшу алаңына кедергісіз кіруіне мүмкіндік берген саңылаулар анықталды. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай қозғалған. Оқиғаға жол бергені үшін жауапкершілік әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына жүктелді", – деді "Шымкент әуежайы" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алик Ғанеев.
Әскерилерге өздеріне қарасты аумақты қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, жануарлар мен бөгде адамдардың әуеайлақ аумағына кедергісіз кіру мүмкіндігін жою ұсынылды.
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі №55652 әскери бөлімінің жауапкершілік аймағындағы периметрлік қоршау учаскесі күзет жарығы, бейнебақылау жүйесі тұрғысынан әрі қазуға қарсы құрылғының болмауы тұрғысынан авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегенін, соның салдарынан жануар әуеайлаққа кіре алғанын нақтылады.
Әкімшілік бұл олқылықтар объективті себептерге байланысты, оның ішінде Қазақстан Қорғаныс министрлігі тарапынан қаржыландыру мәселелеріне байланысты әзірге жойылмағанын қосты.
Сонымен қатар ведомство Шымкент әуежайының жауапкершілік аймағындағы периметрлік қоршаудың жарамды күйде екенін және анықталған саңылаулардың жабылғанын нақтылады.
