Белгілі боксшы Қанат Ислам Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Қанат Исламның жаңа қызметі туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, шетелде туып-өскен қазақтың қас батыры, әлемдік рингте ел намысын қорғаған Қанат Исламды жұртшылық жақсы таниды.
"Ол – спорттағы жетістігімен қатар, ұлт мүддесіне жанашыр азамат. Құрылтайға қатысып отырған жас ұрпақтың арасынан Қанаттай елге қызмет ететін азаматтар өсіп шықсын деген ниетпен оны қауымдастық жұмысына шақырып отырмыз.
Алдағы уақытта оның ел игілігі үшін атқаратын жұмыстары көп болады деп сенеміз", – деді Зауытбек Тұрысбеков Бурабайда өтіп жатқан "Атамекен" халықаралық балалар құрылтайында.
Өз кезегінде Қанат Ислам бұл қоғамдық қызметке үлкен жауапкершілікпен келгенін айтқан.
Естеріңізге сала кетейік, биыл наурызда Қанат Ислам бокстан Қазақстан жастар құрамасының үйлестірушісі болып тағайындалған еді.
