Бөрліде жастардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған форум өтті, деп хабарлайды Бөрлі ауданы әкімдігі.
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында "Қауіпсіз қоғам: таңдау мен жауапкершілік" атты аудандық жастар форумы ұйымдастырылды. Бөрлі аудандық мәдениет үйінде өткен шараға 17–35 жас аралығындағы аудан жастары мен Ақсай техникалық колледжінің студенттері қатысты.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында "Ашық көмек" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен Отбасын қолдау орталығының қолдауымен өткен форумның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және қоғам алдындағы жеке жауапкершіліктің маңызын түсіндіру.
"Сен тыңдаушы емессің, сен – қатысушысың!" деген ұранмен өткен басқосу дәстүрлі жиыннан өзгеше, интерактивті форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар QR-код арқылы тіркеліп, қоғамдағы қауіпсіздікке қатысты сауалдарға жауап берді. Форум барысында психологиялық және заңгерлік жағдаяттар ортаға салынып, жастардың өз көзқарасын білдіруіне мүмкіндік жасалды.
Алғашқы бөлімде Отбасын қолдау орталығының психологы Айнұр Оралқызы отбасындағы зорлық-зомбылық, тұрмыстық жанжалға куә болған адамның жауапкершілігі және күнделікті өмірдегі бейжайлық мәселелеріне тоқталды. Ол қауіпсіз қоғам қалыптастыру әр адамның отбасындағы, жұмыстағы, қоғамдық ортадағы және интернеттегі әрекетінен басталатынын жеткізді.
"Қауіпсіз қоғам – қауіп жоқ жер емес. Қауіп төнгенде "бұл менің шаруам" деп әрекет ететін адамдар бар қоғам. Таңдау – біздің қолымызда, жауапкершілік – біздің мойнымызда", – деген мазмұндағы ойымен қатысушыларды бейжай қалмауға шақырды.
Одан әрі заңгер, медиатор Диана Салковна құқықтық сауаттылыққа арналған "Мифтерді бұзу" бөлімін жүргізді. Мұнда "Отбасындағы зорлық-зомбылық – отбасының жеке мәселесі", "Зорлық-зомбылыққа тек әлсіз адамдар тап болады" деген қоғамда кездесетін жаңсақ түсініктер талқыланды. Сонымен қатар кибербуллинг, әлеуметтік желіде біреудің суретін рұқсатсыз жариялау, қорлау мен кемсіту мәселелері қозғалды.
Спикерлер жастарға әр адамның өз құқығын білуі, өзгенің жеке шекарасын құрметтеуі және жасаған әрекетінің салдарына жауап беруі маңызды екенін түсіндірді.
Форумның келесі бөлімі "Таңдау сәті" интерактивті шоуы аясында өтті. Қатысушыларға өмірде кездесуі мүмкін түрлі жағдаяттар ұсынылды. Мәселен сүйіктісінің әлеуметтік желідегі парақшаларының құпиясөзін талап етуі, геолокациясын үнемі бақылауда ұстауы жеке шекараны бұзу ма, әлде қамқорлық па деген сауал талқыланды. Сондай-ақ түнгі уақытта көрші үйден әйел адамның жан айқайы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерін естіген жағдайда қандай әрекет жасау керектігі жөнінде пікір алмасты.
Жастар QR-код арқылы өз жауаптарын жолдап, ұсынылған шешімдерді ортақ талқыға салды. Бұл тәсіл олардың тек тыңдаушы болып қалмай, өмірлік мәселелерге қатысты өз ұстанымын қалыптастыруына ықпал етті.
"Қауіпсіздік идеялары" бөлімінде белсенді қатысушылар зорлық-зомбылыққа қарсы тақырыптық хэштегтер әзірлеп, олардың мақсаты мен мазмұнын түсіндірді. Атап айтқанда, #МеніңШаруам, #ҚауіпсізҚоғам, #МеніңТаңдауым, #ЖоқДепАйт, #ҮйдеТыныштық, #ОтбасыҚауіпсіздігі сынды үндеулер ұсынылды. Осы арқылы жастар қауіпсіз орта қалыптастыруға өз үлестерін қосуға шақырды.
Форум барысында жастар белсенділік танытып, ойларын ашық жеткізіп, бір-бірімен пікір алмасты. Әр тапсырма олардың өмірлік жағдайларға сыни көзқараспен қарап, шешім қабылдауда жауапкершілікті сезінуіне бағытталды.
"Жастардың өз хэштегтерін ойлап тауып, олардың мәнін түсіндіріп, пікірлерін еркін жеткізе алуы форум мақсатының орындалғанын көрсетеді деп ойлаймын. Қатысушылар қауіпсіздік тек ережелерді сақтау емес, күнделікті өмірде жасайтын саналы таңдауымыз екенін түсінді. Өз өміріне және айналасына жауапкершілікпен қарау – қауіпсіз қоғамның негізі. Форумның ашық диалог пен пікір алмасу алаңына айналғаны қуантады", – дейді "Ашық көмек" қоғамдық қорының төрағасы Ботагөз Байқадамова.
Жалпы, "Қауіпсіз қоғам: таңдау мен жауапкершілік" форумы жастарға құқықтық білім берумен ғана шектелмей, олардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы өз рөлін тереңірек түсінуге бағытталды.
Өйткені қауіпсіз қоғамды қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың немесе жекелеген мекемелердің міндеті емес. Ол – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Ал қоғамның ертеңі саналатын жастардың саналы таңдауы мен белсенді ұстанымы – қауіпсіз болашақтың берік негізі.
