"Қазгидромет" РМК тамыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Жаздың соңғы айында еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, ал батыс пен оңтүстік өңірлерде қатты ыстық болады, деп хабарлайды astana24.com.
"Тамыз – жаз маусымының соңғы айы. Еліміздің оңтүстігі мен батысында ауа райы негізінен ыстық болады деп болжануда, ал солтүстік жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, қоңыржай ыстық ауа райы сақталады", – делінген болжамда.
Айдың бірінші онкүндігінде республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады, екпінді жел соғып, бұршақ жаууы мүмкін.
Жекелеген күндері солтүстікте, орталықта және шығыста қатты жаңбыр жауады, ал онкүндіктің ортасында оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын болады.
"Белсенді солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты тамыздың бірінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болып, найзағай ойнап, жаңбыр жауады, екпінді жел соғады, бұршақ түсуі мүмкін", – делінген хабарламада.
Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап еліміздің батысы мен орталығында жауын-шашын уақытша тоқтайды. Сонымен қатар температура көтеріле бастайды.
Батыс пен солтүстік-батыста күндізгі температура біртіндеп +25…+35 градустан +34…+39 градусқа дейін көтеріледі. Атырау облысының оңтүстігінде ауа температурасы +41 градусқа дейін, ал Маңғыстау облысында +44 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Еліміздің солтүстігінде және Қостанай облысында температура +25…+35 градустан +20…+28 градусқа дейін төмендегеннен кейін, бірінші онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы қайтадан +30…+38 градусқа дейін көтеріліп, аптап болады. Оңтүстікте, керісінше, температура +39…+44 градустан +29…+36 градусқа дейін төмендейді.
Еліміздің орталығы мен шығысында ауа райы құбылмалы болады: +33…+41°С аптап қоңыржай ыстыққа ұласып, ауа температурасы +22…+31°С-қа дейін түседі.
Оңтүстік-шығыста температура +34…+39 градус аралығында ауытқиды, ал Жамбыл облысында кей жерлерде +42 градусқа дейін жетеді. Кейін ауа температурасы +27…+35 градусқа дейін төмендейді.
Тамыздың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде +3…+8-ден +10…+18 градусқа дейін, күндіз +17…+25-тен +25…+35 градусқа дейін болады. Батыс пен оңтүстікте сынап бағанасы түнде +17…+27-ден +13…+18 градусқа дейін, күндіз +32…+42-ден +25…+35 градусқа дейін жетеді.
