Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында "23:00-ден кейінгі қала: жастар қауіпсіздігі, түнгі рейдтер, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі" тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Іс-шараға 200-ге жуық студент қатысып, полиция қызметкерлерімен ой бөлісті.
Кездесудің мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық орындарда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға құрметті нығайту.
Университеттің тарих және құқық кафедрасының аға оқытушысы Әлімжан Кубашев мұндай кездесулердің тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.
Орал қалалық полиция басқармасы Абай полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Айнұр Сұйықбаева түнгі уақытта кездесуі мүмкін қауіпті жағдайлар мен олардың салдарын түсіндірді.
Орал қалалық полиция басқармасының аға анықтаушысы Гүлназ Дүйсалиева алаяқтық, дропперлік, есірткі заттарын жасырып тарату, спайкинг және сваттинг сияқты құқық бұзушылықтарға тоқталды. Ол кәмелетке толмағандардың заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін түсіндірді. Қазақстан заңнамасында бірқатар құқық бұзушылық үшін жауапкершілік 14 жастан басталады.
Университетке бекітілген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, полиция капитаны Мөлдір Нұрқаянова буллингтің алдын алу, жасөспірімдердің түнгі уақытта қауіпсіздігі және заң талаптарын орындау мәселелерін түсіндірді.
Әлеуметтік психолог Зарина Серікова жастардың мінез-құлқына әсер ететін факторлар, құрдастар ықпалы, эмоцияны басқару және тәуекелді жағдайда дұрыс шешім қабылдау туралы айтты.
Кездесу барысында студенттер сұрақтарын қойып, спикерлерден жауап алды.
Тарих және құқық кафедрасының аға оқытушысы Жанна Жайлибаева жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен құқық бұзушылықтың алдын алу қоғам үшін маңызды міндет екенін атап өтті.
"Заң мен тәртіп" – әр адамның құқығын құрметтеу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және өз ісіне жауап беру мәдениеті. Қауіпсіздік заңды түсінуден, саналы таңдау жасаудан және өзгелердің тыныштығына құрметпен қараудан басталады. Спикерлер жастарға күмәнді ұсыныстардан сақ болуды, жеке деректерін қорғауды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертті. Бұл кеңес те күнделікті өмірде қажет.
