Көлік министрлігі Алматы-1 теміржол вокзалында құрылыс-монтаж жұмыстары әлі жүріп жатқанын мәлім етті. Қазір жобаны іске асыруға 500-ден астам маман тартылған, олар тәулік бойы екі ауысым режимінде жұмыс істейді, деп хабарлайды astana24.com ведомствоға сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, бүгінде нысанның дайындық көрсеткіші 40 пайызды құрайды. Атап айтқанда, шатырдан жаңбыр суын ағызу кәрізі орнатылып, сыртқы демонтаж, сыртқы витраждар мен инженерлік желілердегі жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар аралдық перрон платформасының құрылысы және электрмен жабдықтаудың уақытша желілерін орнату жұмыстары аяқталды.
Нысанда шатырды орнату, металл қаңқаны күшейту, инженерлік желілерді, жылыту, желдету және автоматты өрт сөндіру жүйелерін монтаждау, сондай-ақ ішкі қабырғалар мен қалқаларды тұрғызу шаралары жалғасуда.
Бұдан бөлек вокзалды заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы және ішкі витраж жүйелерін жеткізу және монтаждау іске асырылып жатыр. Сондай-ақ лифт және эскалатор жабдықтарымен, жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелеріне арналған инженерлік жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары қамтылуда.
Алматы-1 теміржол вокзалын реконструкциялау жобасын іске асыру нысанның эстетикалық және функционалдық сипаттарын жақсартып қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен жайлылық деңгейін арттырып, көлік инфрақұрылымына қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес келуін қамтамасыз етеді.
Теміржол вокзалындағы жөндеу жұмыстары
Еске сала кетейік, жақында үкімет басшысы Олжас Бектенов Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларындағы вокзалдарды жөндеу қарқыны төмен екенін айтып, әкімдерді сынға алды.
Ал Алматы әкімі Дархан Сатыбалды "Алматы-1" теміржол вокзалын жөндеп жатқан мердігерлерге жауапкершілік туралы ескертті. Осы жылдың мамырында үкімет қолайсыздықтарға байланысты "Алматы-1" вокзалының жөндеу жұмыстарын жеделдетуді талап еткен болатын.
