in

Маңғыстауда иен далада адасып үш күннен соң табылғандар шілденің ыстығында қалай аман қалғанын айтты (видео)

Өткен аптада Маңғыстау облысында із-түзсіз жоғалып, үш күннен кейін табылғандардың бірі жаздың аптап ыстығында ас-сусыз қалай аман қалғандарын айтты. Адасқандардың бірі Ақмарал Бейсенованың сөзінше, сол үш күнде олар шалшық су ішіп, жан сақтаған, деп хабарлайды astana24.com Маңғыстау телеарнасына сілтеме жасап.

5 шілдеде полиция қызметкерлері Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен үш азаматты ауқымды іздестіруден кейін аман-есен тапқан еді.

Азаматтар мінген автокөлік Қыдырша ата аумағынан шамамен 35 шақырым қашықтықтағы жетуі қиын жерден табылған.

Адасқандардың бірі Ақмарал Бейсенова телеарнаға сұхбат беріп, қалай аман қалғандарын айтты. Оның сөзінше, далада ұялы байланыс желісі болмаған, шұғыл көмек қызметтеріне қоңырау шала алмаған.

"Күйеуім жерде лай су жатқанын көріп, соны бес литрлік құтыға жинай бастады. Лай суда жануардың қиы, шыбын-шіркей, кесіртке бәрі жүр. Күйеуімнен оны не істейтінін сұрап едім, суды ішетінімізді айтты", – дейді Ақмарал Бейсенова.

Ақмарал бастапқыда лай суды ішетініне сенгісі келмеген.

"Ол суды ішпейміз деп соңына дейін тұрдым. Өте лас. Күн ыстық. 45 градус болды", – дейді ол.

Кейін олар көлікті тастап, жаяу жолға шыққан.

"Үш сағаттай жүрдік. Бірақ біз түнімен жүрсек те жете алмайтынымызды түсіндік. Ойлана келе қайтадан көлікке келіп, сонда қонамыз деп шештік", – дейді Ақмарал.

Түнде Ақмарал елестің дауысын естігенін, таңға дейін бес литрлік құтыдағы су да бітіп, қайтадан су жинап алғандарын айтты.

"Ешкімнің басына бермесін, амалы жоқ адам аман қалу үшін бәрін істейді екен", – дейді аман-есен жақындарымен қауышқандардың бірі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Маңғыстау телеарнасы (@mangystautv.kz)