in

Сот Атырау облысы әкім​інің экс-орынбасарының шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырмады

Атырау облысы әкімінің экс орынбасары Нұрлан Таубаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылмады, деп хабарлайды "Ақ Жайық".

Алдымен Астанадағы ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот Нұрлан Таубаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұған келіспеген ол апелляциялық шағым түсірді. Алайда өткен аптада қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды. 

Осылайша бұрынғы шенеунік жазасын өтеуді жалғастырады. Таубаевтың мерзімі аяқталуына шамамен екі жыл қалған, себебі ол 2022 жылдың мамырынан бері түрмеде отыр, ал сотқа дейінгі тергеу кезінде екі жылға жуық уақыт тергеу изоляторында болған.

Еске сала кетсек, 2020 жылы Нұрлан Таубаев пен Атырау облыстық құрылыс басқармасының сол кездегі басшысы Тимур Басаров жол құрылысына қатысты компаниядан 182 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған еді.

2022 жылдың мамырында сот оларды ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігі бойынша ("Өте ірі көлемде пара алуға оқталу") кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған болатын.