in

Павлодар мұнай-химия зауытындағы жанармай сапасы: Сауда министрлігі тәуелсіз тексеріс жүргізіп жатыр

Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері Павлодар мұнай-химия зауытындағы жанармай сапасына қатысты шағымдардан кейін арбитраждық сынамаларды тексеру басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы astana24.com ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, ведомство азаматтардан келіп түскен өтініштерге байланысты автомобиль бензинінің сапасына зертханалық зерттеу жүргізіп жатыр.

"СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытында тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын өндірушіден тәуелсіз зертханаға тапсырды. Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары қосылған отын үлгілері де жеке зерттелуде. Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады", – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта азаматтардың 12 өтініші қаралу үстінде: оның тоғызы – Астана қаласынан, біреуі – Павлодардан және екеуі – Солтүстік Қазақстан облысынан.

Сонымен қатар 17 жанармай құю станциясынан жанармай сатып алынды. Оның бесеуі – Алматы қаласында, бесеуі – Алматы облысында, алтауы – Абай облысында және біреуі – Жамбыл облысында. Қазіргі уақытта алынған үлгілерге зертханалық сынақ жүргізілуде.

"Осылайша жүргізіліп жатқан тексеру отын сапасын өндіріс кезеңінде ғана емес, оны тұтынушыға сатуға дейінгі кейінгі айналым кезеңдерінде де бағалауға мүмкіндік береді.

Тексеру аясында сынамалар бүкіл жеткізу тізбегі бойынша, оның ішінде мұнай базаларында да алынады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттар, мемлекеттік стандарттар және сынақ зертханалары бар", – дейді ведомство өкілдері.

Автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда заңнамада көзделген шаралар қабылданатыны белгілі болды. Оның ішінде талаптарға сәйкес келмейтін жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және айналымнан алып қою шаралары қарастырылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) түскен шағымдардан кейін бензин сапасы тексерілгенін және кәсіпорын ресми мәлімдеме жасағанын хабарлағанбыз.

"ПМХЗ" ЖШС ақпаратына сәйкес, автомобиль бензинінің арбитражды сынамасының нәтижелері алынған. Зертханада арбитражды сынамалардың МЕМСТ 32513 сапасына сәйкестігі расталды.