in

Ұлттық экономика министрлігі мәслихат депутаттарының жалақысы қанша екенін жариялаудан бас тартты

Бір айдан кейін Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Ұлттық экономика министрлігі депутаттарға қалай жалақы төленетінін айтқанымен, нақты сомасын жариялаған жоқ, деп хабарлайды astana24.com.

NUR.KZ-тің ресми сауалына берген жауабында министрлік мәслихат төрағасы тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды тұлға екенін мәлім етті. Ол ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар арасынан сайланады және сессияда мәслихат арқылы қызметінен босатылады.

Кім тұрақты негізде жұмыс істейді

Аталған жағдай қалалық және облыстық мәслихаттардың тұрақты комиссия төрағасы лауазымына да қатысты. Бұл ретте тұрақты комиссия төрағаларының санын мәслихат айқындайды, бірақ олар екі адамнан көп болмауға тиіс. Ал тұрақты комиссия төрағасы мәслихаттың өкілеттік мерзіміне ғана сайлана алады және қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

Айта кетейік, мәслихат төрағасы – бүкіл мәслихаттың лауазымды тұлғасы, ал тұрақты комиссия төрағасы – мәслихат ішіндегі белгілі бір мәселелер бойынша салалық органның басшысы.

Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің мәліметінше, тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихаттың тұрақты комиссия төрағалары бір саяси партияның мүшелері бола алмайды.

Депутаттарға жалақы төлене ме

Сессиялар, тұрақты комиссиялар мен мәслихаттың өзге де органдарының отырыстары кезінде депутат өзінің негізгі жұмысынан босатылады. Бұл депутат біліктілігін арттыруға жіберілген уақытқа да қатысты. Бұл ретте оған жергілікті бюджет қаражаты есебінен орташа жалақысы өтелуге тиіс.

Алайда депутаттың жалақысы мәслихат қарайтын қала немесе облыс әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспауы керек. Сондай-ақ мәслихат сессиялары мен отырыстарын өткізу кезінде іссапар шығындары да төленеді.

Осы ретте үкімет қаулысына сілтеме жасаған министрлік мәслихат депутаттарының жалақы мөлшерін жариялаудан бас тартты. Оған сәйкес, мәслихат депутаттарының жалақысы туралы деректер шектеулі қолжетімді ақпаратқа жатады.

"Осыған байланысты мәслихат төрағалары мен депутаттарының лауазымдық жалақысының мөлшері туралы ақпарат беру мүмкін емес", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.