Алматылық Владимир Стариков 15 жылдан бері аумақты өз күшімен абаттандырып келеді. Қазір мұнда өсімдіктің 300-ден аса түрі өседі. Ал ерекше мүсіндер мен инсталляциялардың басым бөлігі қайта өңделген тұрмыстық қалдықтардан жасалған, деп хабарлайды 24KZ.
Владимир Стариков жыл сайын ауласын күтіп-баптауға өз қалтасынан шамамен 700 мың теңге жұмсайды. Бұл қаржы көшет алуға, түрлі композициялар жасауға және аумақты көркейтуге кетеді. Аулада шамгүлдері, жайқалған шағын тоғандар мен түрлі ертегі мүсіндері орналасқан. Зейнеткер барлығын өз қолымен жасап шыққан.
"Неге біз Англиядағы немесе Франциядағы адамдардан кем болуымыз керек. Еш жеріміз кем емес. Қаламыз да олардың қаласынан кем түспейді, тіпті одан да көрікті бола алады. Ол үшін туған жеріңді және өз қалаңды жақсы көру керек", – дейді қала тұрғыны Владимир Стариков.
Жетісу ауданындағы ерекше аула бірнеше рет қаладағы үздіктер қатарынан көрінді. Ертегідей мекенді көргісі келетіндердің де қарасы қалың. Ал тұрғындар арасында "Көшесін көріп, иесін таны" деген сөз де осы аулаға арнап айтылған ба дерсің. Себебі мұндағы әрбір өсімдік пен мүсін ұқыптылық пен жанашырлықты талап етеді.
"Мұнда туристер де, шетелдіктер де көп келеді. Зейнеткер адамның өз ауласын осылай көркейтіп жүргеніне барлығы таң қалып, риза болады", – дейді қала тұрғыны Галина Тараканова.
Бір адамның бастамасы бүгінде көпшіліктің сүйікті орнына айналған. Владимир Стариков алдағы уақытта да ауласын жаңа өсімдіктермен толықтырып, ерекше композициялар жасауды жоспарлап отыр.
