Владимир Зеленский Ақ үй басшысының жұбайы Мелания Трампты княгиня Ольга орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды РБК-Украина басылымына сілтеме жасаған astana24.com.
Басылымның мәліметінше, Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трампты І дәрежелі княгиня Ольга орденімен марапаттаған.
"Марапат Украинаға гуманитарлық қолдау көрсетуге қосқан елеулі жеке үлесі, Ресей агрессиясы салдарынан зардап шеккен украин балалары мен азаматтарын құтқаруға, сондай-ақ Ресей уақытша басып алған Украина аумағынан заңсыз депортацияланған және мәжбүрлі түрде көшірілген жандарға бағытталған белсенді құқық қорғау және қайырымдылық қызметі үшін берілді", – делінген жарлық мәтінінде.
Басылым атап өткендей, АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Херсон облысындағы Олешкиде гуманитарлық миссияның жүзеге асуына жәрдемдесіп, қала тұрғындарын эвакуациялау үшін бұл ауданда уақытша бітімге қол жеткізген. Нәтижесінде Олешкиден 800-ге жуық адам қауіпсіз жерге шығарылған.
Сондай-ақ Мелания Трамп 5 қарашада Ақ үйде Ресей мен Украина өкілдерімен кездеседі. Ол Олешкидегі уақытша бітім туралы сөз сөйлейді. Ақ үй мұны АҚШ бірінші ханымының бұрын-соңды болмаған дипломатиялық бастамасы деп атады.
