Иран Ирак, Кувейт пен Иорданияға шабуыл жасады. Ондағы әскери базаларда екі америкалық сарбаз қаза тапты. Ашуланған Трамп жауап ретінде Ирандағы маңызды нысандарға шабуылдаймын, көпірлерді қиратамын деген жоспарын ақыры жүзеге асырды, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Иран кенеттен Кувейт, Ирак пен Иорданияға соққы жасады. Ондағы АҚШ әскери базаларында екі сарбаз қаза тапты. Ашуланған Ақ үй басшысы, уәдесін орындады. Ирандағы маңызды көпірлерді қанатты зымырандармен атқылап, түгін қалдырмады. Трамптың айтуынша, Иран кек алудан басқа амал қалдырмады.
"Біздің екі өрімдей жас сарбазымыз, өкінішке қарай, қаза тапты. Олар Иран ядролық қару жасап, әлемге қауіп төндірмеуі үшін өз өмірлерін берді. Мен қос жауынгеріміздің кегін алмай қоймаймын. Бұл – тек бастамасы. Мен Иранды қанша рет келіссөзге шақырдым. Соғысты қаласа, тып-типыл жойып жіберемін", – дейді Трамп.
Ал сол арада Трамптың жеке өзіне ғана бағынатын иммиграциялық полиция өткен аптада Техаста, жақында Мэн штатында тағы бір шыққан тегі латынамерикалықты өлтірді. Бірақ Джон Себастьян Дуран Геррейро АҚШ азаматы еді. Иммиграциялық полицияның бұл әрекеті күллі АҚШ жұртының ашуына тиді.
"Армандарымыз көп еді. Ол өте еңбекқор адам болды. Заң тұрмақ, тәртіп бұзбайтын. Кішкентай қызымыздың бетінен қақпай өсірді. Тапа-тал түсте ештеңе істемеген адамды қалай өлтіруге болады? Қылмыскерлердің өзі мұндай бассыздыққа бармайды", – дейді марқұмның жұбайы Каролина Рохас.
