in

Қытай мен Непалдағы су тасқынынан хабар-ошарсыз кеткендер саны 1000-нан асты

Қытай мен Непалдағы су тасқыны салдарынан 1 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кетті. Екі елдің билігі жаңа деректерді жариялады. Жоғалғандардың арасында жүздеген шетел азаматы бар, деп хабарлайды astana24.com.

ТАСС ақпаратына сәйкес, Непалда 28 елдің 466 азаматы және 113 жергілікті тұрғын хабар-ошарсыз кеткен.

Қытайдың Орталық телевидениесіне сілтеме жасай отырып хабарлаған РИА Новости ақпаратынша, ҚХР-да ауқымды сел жүруі салдарынан 558 адамның жоғалғаны айтылған. Олардың ішінде 260 шетел азаматы бар.

Бұған дейін Қытай мен Непал арасындағы шекаралық өткел ауданында көшкін жүргенін жазған болатынбыз. Бұл жол қозғалысына, байланыс пен электр қуатымен қамту жүйесіне әсер етті.

Кейінірек жүздеген адамның жоғалуына себеп болған жойқын су тасқыны болғаны туралы хабарланды. Ірі тасқынға жер сілкінісі мен одан кейін болған көшкін себеп болды.

Күні кеше Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай мен Непалдағы табиғи апат салдарынан Қазақстан азаматтарының жоғалғандар тізімінде бар-жоғы туралы ақпарат ұсынған еді.