in

Өзбекстанда бесем дүниеге келді

6 шілдеде Өзбекстанның Әндіжан қаласында бесем дүниеге келді, деп хабарлайды елдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.

Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, 6 шілдеде "Қайрағочтош" махалласының тұрғыны Наргиза Бекжанова көпұрықты жүктілік диагнозымен Әндіжан қаласындағы № 2 перзентханаға түскен.

Кейін оған кесарь тілігі жасалған. Ота білікті акушер-гинекологтар, неонатологтар және реаниматолог мамандардың арқасында сәтті өткен.

Дүниеге бесем аман-есен келген. Сәбилердің үшеуі – қыз, екеуі – ұл бала.

Көп ұзамай анасы мен нәрестелер Республикалық ана мен бала денсаулығы орталығының Әндіжан облысындағы филиалына жеткізілген.

"Қазіргі таңда сәбилер мен анасының жағдайы жақсы, олар білікті медицина қызметкерлерінің бақылауында", – делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, өткен айда да осы орталықтың Әндіжан облыстық филиалында төртем дүниеге келген.