in

Алдағы күндері Қазақстанда күн жылына бастайды

Синоптиктер алдағы күндері яғни 18-20 сәуір аралығында ел аумағында күн райы қандай болатынын айтты. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Метеорологтардың мәліметінше, скандинавиялық антициклон сілемінің әсерінен алдағы күндері еліміздің солтүстігінде, шығысында және орталығында жауын-шашынсыз, біршама салқын ауа райы сақталады.

Алайда ауа массаларының ауысуына байланысты температураның біртіндеп жоғарылауы күтіледі.

Еліміздің батысы мен оңтүстігінде тұрақсыз ауа райы болжанады: жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында жауын-шашын (жаңбыр, қар) түсіп, жел күшеюі мүмкін.

Республика бойынша түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.

Күндіз батыста, солтүстікте және орталықта ауа температурасы +15…+23 градусқа дейін, шығыста +10…+18 градусқа дейін, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста +17…+28 градусқа дейін көтеріледі.