Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ҰБТ жүйесіне қатысты өзгерістер мен педагог мамандарды іріктеудің жаңа талаптары туралы айтты, деп хабарлайды astana24.com.
Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда ҰБТ-ға бірқатар өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.
Премьер-министрдің бейнеүндеуі Instagram желісіндегі ресми аккаунтында жарияланды.
Оның сөзінше, адами капиталға инвестиция жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бұл қағида жаңа Конституцияның прогрессивті идеяларының, сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың өзегіне айналды.
Аида Балаеваның айтуынша, бүгінде әлемнің жетекші елдерінде жаңа білім беру модельдері жасақталып, халықаралық ынтымақтастық күшейіп, цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр. Мұндай тәсілдер оқушылардың қабілетін ерте анықтауға, таланттарды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ жеке білім беру траекторияларын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа білім беру жүйесін қалыптастырады.
"Нәтижесінде білім саласы тек білім берумен шектелмей, нақты дағдыларды меңгерген, экономиканың сұранысына жауап беретін мамандарды даярлауға бағытталады. Бұл кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге өту. Ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруде ҰБТ-ны жетілдіру шешуші рөл атқарады", – дейді ол.
Премьер-министрдің орынбасарының атап өтуінше, көпжылдық тәжірибе ҰБТ жүйесі жоғары оқу орындарына түсу кезеңінде ашықтықты, әділдікті және бірыңғай талаптарды қамтамасыз ететін тиімді құрал екенін көрсетті.
"Алайда әр заманның өз талабы бар. Уақыт өте келе білім берудегі трендтер, еңбек нарығының өзгеруі — жаңа міндеттерді анықтап, оларды түзеуіміз қажет.
Атап айтсақ, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді. Сонымен қатар қазіргі кезде жоғары оқу орындары білімді, дарынды жастарды өз бетінше іріктей алмайды, себебі мүмкіндіктері шектеулі.
Бұл ең алдымен адами капиталды дамытудың негізгі қозғаушы күші саналатын педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты. Осыған байланысты бірқатар шараларды қабылдау қажеттілігі туындап отыр", – дейді Аида Балаева.
Біріншіден, педагогикалық мамандықтарға іріктеуде тестілеу жүйесімен қатар, арнайы емтихандарды қатар өткізу арқылы талапкердің оқуға дайындық деңгейі мен басқа да маңызды көрсеткіштеріне назар аударылуға тиіс.
"Себебі педагог – жай ғана маман емес, ол балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға. Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады", – дейді премьер-министрдің орынбасары.
Екіншіден, Аида Балаеваның айтуынша, грант конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет. Бұл – объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуға тиіс. Сонымен қатар білім деңгейін өзін-өзі бағалау және дайындық үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.
Үшіншіден, жоғары оқу орындарына түскен студенттердің шамамен 50-60 пайызы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті балды жинай алмайды. Сондықтан талапкерлердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы аса маңызды.
"ҰБТ жүйесін өзгерту – тестілеуден бас тарту емес. Бұл дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам. Ұсынылып отырған өзгерістер білім беру сапасын арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз болады", – дейді Аида Балаева.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Aida Balayeva (@aida_balayeva)
