Мәдениет және ақпарат министрлігі "Қыз Жібек" фильмінде пайдаланылған, Меруерт Өтекешова киген әйгілі камзолға қатысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін Баян Алагөзова енді камзол оның қолына түскенін жария еткен болатын, деп жазады astana24.com.
Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы әлеуметтік желідегі парақшасында әйгілі "Қыз Жібек" фильмінде бас кейіпкер киген камзол енді өзінің қолына өткенін және ол бұл жәдігер өзі үшін құнды екенін, оны сақтап қоятынын қуана хабарлаған. Оның бұл жаңалығын желі қолданушылары әрқилы қабылдады. Оны мұндай қуанышпен құттықтағандар да, камзол қазақ халқына ортақ құндылық екенін айтып, наразылық танытқандар да табылған.
Аталған жайтқа қатысты мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Ведомство өкілдері құнды жәдігердің жеке қолға қалай өткенін анықтайтынын мәлім етті.
"Біріншіден, "Қазақфильм" киностудиясының музей қорында "Қыз Жібек" фильмінде пайдаланылған бір камзолдың түпнұсқасы сақтаулы. Бұл жәдігер ұлттық кино өнерінің маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалған. Ал продюсер жариялаған жазбадағы екінші камзолдың жеке қолға қалай өткендігі анықталуда.
Екіншіден, "Қазақфильм" киностудиясы ұлттық фильмдерде пайдаланылған құнды реквизиттерді, костюмдер мен басқа да тарихи маңызы бар заттарды жүйелі түрде жинақтап, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс ұлттық мәдени мұраны келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Үшіншіден, қазіргі уақытта "Қазақфильм" жанынан заманауи талаптарға сай келетін ауқымды музей ашу жоспарлануда. Аталған музейде отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар қойылып, келушілерге кеңінен таныстырылатын болады.
Министрлік мәдени құндылықтарды сақтау және қорғау мәселесіне ерекше мән беретінін, сондай-ақ қоғамда туындаған сұрақтарға ашық әрі нақты ақпарат беруге әрдайым дайын екенін атап өтеді", – делінген хабарламада.
