Дзюдодан Қытайдың Ордос қаласында Азия чемпионатының екінші күні мәресіне жетті. 81 келідегі Әділет Алмат Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Сомон Махмадбековтен басым түсіп, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды astana24.com.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, 81 келідегі Әділет Алмат финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Сомон Махмадбековпен белдесті. Нәтижесінде отандасымыз қарсыласын ауырту әдісімен жеңіп кетті.
Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылы Данияр Шамшаев Астанада өткен сары құрлықтың додасында топ жарған еді.
Әділет Алматтың бұл Азия чемпионатындағы бірінші жүлдесі. Ол 2023 жылы жастар арасында Азия чемпионы атағына да қол жеткізген болатын.
