in

Жамбыл облысында арнайы жасақ қызметкері мерт болды

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысындағы қайғылы оқиға туралы ақпарат тарады. Өңірде арнайы жасақ инспекторы қайтыс болған. Полиция сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com.

Telegram-дағы Halyqstan арнасында жарияланған мәлімет бойынша, оқиға 28 мамырда таңертең Қордай аудандық полиция бөлімінде, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ казармасының дәлізінде болған, онда 1995 жылы туған арнайы жасақ инспекторы өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

"Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оны ауыр халде шұғыл орталық аудандық ауруханаға жеткізген.

Өкінішке қарай, ол сол кеште есін жимастан жансақтау бөлімінде қайтыс болған", – делінген хабарламада.

Жамбыл облыстық полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта жан-жақты, толық және объективті тергеуге бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Қызметтік тексеру басталған. Алдын ала ақпарат бойынша, бұл жайт қызметпен байланысты емес.

Ведомство ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа деректер жарияланбайтынын мәлім етті.