Ержан Жиенбаев Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Нұрланұлы Жиенбаев Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды", – делінген хабарламада.
Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Ақорданың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Ержан Жиенбаев 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
2002 жылы заң мамандығы бойынша "Тұран" университетін, 2018 жылы РХШжМҚА-ның Executive MBA бағдарламасы бойынша оқу бітірген.
2002-2005 жылдары Қаржы министрлігінің жүйесінде еңбек атқарған.
2005-2012 жылдары Премьер-министр кеңсесінің құрылымында жұмыс істеді. Премьер-министр кеңсесінің заң бөлімінің аға сарапшысы, бас сарапшысы, бас кеңесшісі, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2012-2013 жылдары — Премьер-министр кеңсесінің Заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары;
2013 жылдан 2019 жылғы шілдеге дейін Премьер-министр кеңсесінің Заң бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
2019 жылғы шілде-қазан аралығында Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2019 жылғы қазаннан 2023 жылғы қыркүйекке дейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2023 жылғы 1 қыркүйекте мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
"Құрмет" (2016), "Парасат" (2021) ордендерімен, Қазақстан Республикасы президентінің алғысымен (2020), Қазақстан республикасының президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған (2021).
