in

Алматыда 32 жастағы келіншек пен оның іштегі сәбиі көз жұмды: дәрігерлер не дейді

Алматыда босануға барған 32 жастағы келіншек пен оның іштегі сәбиі көз жұмды. Жүктілігінің сегізінші айында басы айналып, есінен танып қалған әйел дәрігерлердің көмегіне жүгінген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Алайда перзентханаға барған соң, алдымен сәбиі, екі күн өткен соң, ананың өзі де жан тапсырыпты. Марқұмның туыстары немқұрайлық танытты деп, ақ халаттыларды кінәлап отыр. Ал дәрігерлер науқастың ауруханаға ауыр жағдайда түскенін айтады.

Туыстарының айтуынша, 32 жастағы Анна жүктіліктің сегізінші айына дейін денсаулығына мүлде шағымданбаған. Алайда аяқ астынан талып қалғандықтан, ауруханаға тексерілуге барыпты. Ал ондағы дәрігерлер "қажет жабдығымыз жоқ" деп, оны перзентханаға жөнелтті дейді жақындары. Ондағылар да әйелді қабылдамай, басқа перинаталдық орталыққа жіберіпті. Сол жерде келіншекті шұғыл кесір тілігімен босандырған. Өкінішке қарай, сәби өлі туған. Жағдайы күрт нашарлаған келіншектің өзі де екі күннен соң жан тапсырған.

"Бізді екінші перинаталдық орталыққа ауыстырды. Жарты сағаттың ішінде дәрігерлер дүрлігіп кетті. Әрі-бері жүгіріп, бір-біріне хабарласа бастады. Сол кезде жағдайдың күрделі екенін түсіндік. Алдымен ұлымның өлі туғанын білдік. Оны келесі күні жерлеп болғаннан кейін, түнгі он екі жарым шамасында перзентханадан қоңырау шалып, әйелімнің жағдайы нашарлағанын айтты. Бірден жеттік. Сол кезде жұбайымның да қайтыс болғанын хабарлады", – дейді марқұмның күйеуі Алексей Ефименко.

Қара жамылғандар қазаның нақты себебін анықтауды талап етуде. Ал дәрігерлер науқас ауруханаға түскен сәттен бастап жағдайы ауыр болғанын айтады. Сондықтан оны мамандандырылған медициналық мекемеге ауыстыруға шешім шығардық дейді.

"Өкінішке қарай, жүргізілген реанимация және қарқынды емдеу шараларына қарамастан, пациент пен баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Сонымен қатар қазір әлеуметтік жерлерде дәрігерлердің, медициналық қызметкерлерге қатысты айтылып жатқан айыптаулар — ресми айтылмағанға дейін ерте жасалған және обьективті емес деп есептейміз", – дейді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева.

Желіде ана мен бала өліміне қатысты түрлі пікір айтылуда. Ал дәрігерлер тексеріс жүргізіліп жатқандықтан, оқиғаға қатысты толық ақпарат берген жоқ. Қазір адам өліміне әкелген бұл дерек бойынша министрлікке қарасты Медицина және фармацевтиканы бақылау комитеті жан-жақты тексеріс жүргізе бастаған.

Мамандар ана мен баланың өліміне не себеп екенін, көмек көрсетуде қандай да бір заңбұзушылықтың болған-болмағанын анықтауда. Енді тек сараптама қорытындысы шыққаннан кейін ғана оқиғаның барлық мән-жайы белгілі болмақ.