Әлеуметтік желілер мен жекелеген ақпараттық пабликтерде Қазақстанда курьер ретінде қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспары туралы жарияланымдар таралып жатыр. Министрлік аталған ақпараттарға пікір білдірді, деп хабарлайды astana24.com.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында желіде тараған ақпараттарға қатысты ресми мәлімдеме жарияланды.
Ведомствоның мәлімдемесіне сай, курьер ретінде қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспары туралы жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейді.
"Бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджет қаражаты есебінен бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (МӘЖ) төленеді. Аталған жәрдемақылар шартсыз, және алушының кейіннен жұмысқа орналасуына қарамастан, бала бір жарым жасқа толғанға дейін толық мерзімде төленеді.
Өз кезегінде, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып саналатын тұрақты жұмысы бар ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Бұл төлемнің мөлшері бала туған күнге дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды", – делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге Әлеуметтік кодекс нормаларына сәйкес, аталған төлемдерді жұмысқа шығуына байланысты тоқтату тек алушының өз еркімен тиісті өтініш беруі арқылы ғана жүзеге асырылады.
Ведомство БАҚ өкілдеріне, блогерлер мен паблик әкімшілеріне ресми мәлімдемелерді түсіндіруге мұқият қарап, азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін тақырыптар мен тұжырымдардан аулақ болуға шақырды.
"Азаматтарды уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелеріне ғана сүйенуге шақырамыз. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда ақпаратты нақтылау үшін тікелей бейінді ведомстволарға жүгінген жөн", – дейді министрлік өкілдері.
