in

Ғұсман Қырғызбаев Қытайдағы Гран-при турнирінің күміс жүлдегері атанды

Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінде ел қоржынына алғашқы жүлдені салды. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

66 келіде бақ сынған Ғұсман Қырғызбаев финалда осы салмақтың фавориті, екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы жапониялық Хифуми Абэмен белдесіп, 0:1 есебімен жеңілді.

Финалдық бәсекеге дейін Ғұсман 1/16 финалда моңғолиялық Турболд Тумурхудты, 1/8 финалда черногориялық Джусуф Нурковичті, 1/4 финалда әзербайжандық Руслан Пашаевты, ал 1/2 финалда бразилиялық Рональд Лиманы жеңген.

Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде ерлерден 60, 66 және әйелдерде 48, 52, 57 келіде жүлделер сарапқа салынған.

Ал бүгінгі жарыстың басты ерекшелігі – Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің араға екі жыл салып татамиге қайта оралуы болды. Алайда ол алғашқы ресми жарысын бесінші орынмен аяқтады.