Павлодар облысында қалың қамыстың арасында аяғын сындырып, қозғала алмай қалған зейнеткер табылды. 71 жастағы ер адам елсіз жерде екі күн бойы ас-сусыз жатқан, деп хабарлайды astana24.com Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, 24 маусымда полицияға ер адамнан қоңырау түсті. Балықшы 23 маусымда таңертең скутермен өзен жайылмасына барғанын, жолда аяғын ауыр жарақаттап алғанын және бір жарым тәуліктен астам уақыт бойы орнынан қозғала алмай жатқанын хабарлаған. Осыдан кейін байланыс үзіліп кеткен.
Хабарлама түскен бойда полицейлер мен құтқарушылардан арнайы іздестіру топтары құрылды. Олар Байдала ауылынан Заря ауылына дейінгі өзен жайылмасының күрделі әрі батпақты аумағын мұқият тексеріп шыққан.
Іздестіру жұмыстары кең аумақта жүргізілгендіктен, операция айтарлықтай қиындық туғызды. Соған қарамастан іздеу бір сәтке де тоқтатылмай, тәулік бойы, тіпті түнгі уақытта да жалғасты.
Операцияның екінші тәулігінде іздеу тобы жайылмадағы қалың қамыс арасынан жоғалған зейнеткерді тапты.
"Жоғалған азаматты аман-есен тапқанымызға ерекше қуаныштымын. Ең бастысы – оның өмірін сақтап қалдық. Ер адам өте ауыр жағдайда болған. Кейін анықталғандай, ол сүрініп құлап, аяғын сындырып алғандықтан қозғала алмай, екі тәулік бойы тамақсыз, сусыз әрі жылусыз жатқан. Бірлескен еңбектің арқасында оны отбасына аман қайтаруға мүмкіндік туды", – деді Павлодар аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Олжас Тілеубергенов.
Полицейлер зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны қауіпсіз жерге эвакуациялады. Кейін зейнеткер Павлодар қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Қалпына келгеннен кейін қария іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысқан полиция қызметкерлері мен құтқарушыларға шынайы алғысын білдіріп, олардың жедел әрекетінің арқасында аман қалғанын айтты. Полиция азаматтарға жақындары белгіленген уақытта үйіне оралмай, байланысқа шықпай қалған жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді. Себебі мұндай жағдайларда әрбір минут адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.
