Қорғаныс министрлігі ел аумағында әскери колонналардың қозғалысы кезінде азаматтарды дүрбелеңге салынбауға шақырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.
Қорғаныс министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасында тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанда "Батыл тойтарыс – 2026" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтетіні хабарланды. Осыған байланысты ел аумағында қару-жарақ, әскери техника мен жеке құрамды жауынгерлік даярлық іс-шаралары өтетін аудандарға тасымалдау жүзеге асырылады.
"Әскерлерді тасымалдау теміржол эшелондары, жалпыға ортақ пайдаланылатын автокөлік жолдарымен қозғалатын әскери автолектер, сондай-ақ майдандық және армиялық авиация арқылы аралас тәсілмен жүзеге асырылады", – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, жоспарға сай өткізілетін бұл іс-шаралар әскерлердің жауынгерлік машығын жетілдіруге, әскери басқару органдарының, Қарулы күштер түрлері мен тектерінің, сондай-ақ арнайы әскерлердің бірлескен іс-әрекетін нығайтуға және Қарулы күштерді қолданудың заманауи әдіс-тәсілдерін жетілдіруге бағытталған.
"Оқу-жаттығу барысында әскерлерді қолдану, құрлықта, әуе кеңістігінде, теңізде және киберкеңістікте бірыңғай жедел түрде өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері пысықталады, – делінген хабарламада.
Осыған орай Қорғаныс министрлігі азаматтарды сабыр сақтап, ресми ақпарат көздеріне ғана сүйенуді және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады.
