2026 жылғы 3 тамызда Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші төртінші қабаттың терезесінен құлап, жарақат алған. Бұл туралы ҚР ҚК Десанттық-шабуылдау әскерлері мәлім етті, деп хабарлайды astana24.com.
Ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланғандай, әскери қызметші дереу медициналық мекемеге жеткізілген. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оның жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
"Қолда бар мәліметтерге сәйкес, оқиғаға дейін әскери қызметші әскери қызмет өткеру жағдайына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Оқиға қарсаңында оның ата-анасы әскери бөлімге келіп, ұлымен кездескен. Кездесу барысында олардың тарапынан қандай да бір өтініштер немесе шағымдар түспеген", – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР ІІМ Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеру тағайындап, арнайы комиссия құрылған. Оқиғаға қатысты жағдай ерекше бақылауға алынған.
