Алматы тұрғындарына демалыс күндері судың жаппай өшірілетіні туралы жалған хабарламалар тарап жатқаны ескертілді. "Алматы су" мекемесі халықты тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды, деп хабарлайды astana24.com.
"Алматы Су" өкілдерінің хабарлауынша, алдағы демалыс күндері қалада суды жаппай өшіру жоспарланбаған. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан хабарламалар шындыққа жанаспайды.
"Алматы қаласында су беру штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Алдағы екі аптада абоненттерді судан ажыратуды көздейтін жоспарлы жұмыстар жүргізілмейді", – делінген "Алматы Су" хабарламасында.
Мекеме сумен жабдықтау жүйесінің жұмысы туралы өзекті мәліметтер кәсіпорынның ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланатынын еске салды.
"Жалған ақпаратты таратпауды және тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз", – деп қосты "Алматы Су" мамандары.
