Биыл Түркістан облысында жылу беру маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталмақ. Қазір өңірде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Марат Байгунусовтың айтуынша, жылу маусымының басталуы сыртқы ауа температурасына байланысты.
Яғни, сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы бес күн бойы +8°C-тан төмен болған жағдайда жылу беріле бастайды.
"Облыста жылыту маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталады деп жоспарланып отыр. Өңірдегі дайындық жұмыстары облыстық штабтың тұрақты бақылауында", – деді ол.
Оның мәліметінше, 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына өңірдегі 1265 білім беру, 737 денсаулық сақтау, 239 мәдениет, 74 спорт, 9 жұмыспен қамту нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй дайындалған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жылыту маусымы қашан басталатыны белгілі болған еді.
