in

Алматы-1 вокзалы ашылуға дайындалып жатыр (фото, видео)

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі Алматы-1 вокзалындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ҚТЖ вокзалдың қазіргі көрінісін көрсетті, деп хабарлайды astana24.com.

ҚТЖ-ның мәліметінше, Алматы-1 вокзалы ашылуға дайындалып жатыр, қазір ғимаратты және оған іргелес аумақты жаңарту жұмыстары аяқталуда. Жаңартылған ғимараттың ауданы 17 мың шаршы метрден асады.

"Ішінде жолаушылар кеңістігін ұйымдастыру қайта қаралып, күту залы кеңейтілді, жаңа эскалаторлар, лифттер мен ақпараттық таблолар, заманауи инженерлік жабдықтар орнатылған. Мобильділігі төмен жолаушылардың нысанға қолжетімділігіне және балалары бар жолаушыларға ыңғайлы болуына ерекше назар аударылады. Ғимараттың төменгі бөлігінде, өтпелі дәлізде коммерциялық үй-жайлар орналасады", – делінген хабарламада.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ️ «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ (@railways.kz)

Жолаушылар үшін модульдік қонақ бөлмелері қарастырылған, сонымен қатар теміржол мұражайы ашылады. Вокзал алдындағы аумақ та өзгереді.

"Тұрақ аймағының орнына ағаштар мен гүлзарлары бар абаттандырылған аллея жасалады. Мұнда орындықтар мен демалыс орындары пайда болып, ақпараттық тақта орнатылады. Аумақ вокзалдың жолаушылар кеңістігінің жалғасы және ыңғайлы қалалық аймақ болады.

Конкорс жаңартылады: құрылғысы күшейтіліп, әйнек элементтері қолданылады. Ғимаратта заманауи материалдар қолданылып, шатыр мен қасбет жаңартылады, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі", – делінген хабарламада.

ҚТЖ нысанда жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатқанын да мәлім етті. Күндізгі ауысымда 407 адам, түнгі ауысымда 68 адам, сондай-ақ арнайы техника жұмыс істейді.