Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жүргізушілерден ақша бопсалады деп күдікке ілінген шекарашылар мен кеденшілердің жаппай ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kaktus.media-ға сілтеме жасаған astana24.com.
Басылымның мәліметінше, Садыр Жапаров кеденшілер мен шекарашылардың жаппай ұсталғаны туралы 12 қазанда Баткен облысы Лейлек ауданының тұрғындарымен кездесуде айтқан.
Ол елде контрабанда болмауы тиіс, ал импортқа кедендік алымдар салынуы керек деген талап қойғанын атап өтті.
"Сол себепті бюджет өсіп жатыр. Ал сіздердің ойларыңызша, мен экономиканы қалай көтеремін? Кеше 15 кеденші мен шекарашы ұсталды. Контрабанданы өткізіп, ақша жинайды.
Мен ҰҚМК орнатқан жасырын камераның видеосын көрдім. Камера 15 күн тұрды, күнде жинайды, тура конвейер сияқты. Жүргізушілер кіріп, ақша қалдырады, сосын кеденші кіріп, қалтасына салады. Артынша шекарашы кіріп, ақшаны қалтасына салады. Қазір олар қамауда", – деді Жапаров.
Еске сала кетейік, биыл тамызда Қырғызстан ҰҚМК Қазақстанмен шекарадағы жүк көліктеріне қатысты сыбайлас жемқорлық схемасын әшкерелеген болатын.
