Ақтөбеде үш қабатты үйде екі апта ішінде бес рет өрт шыққан. Тұрғындар мұны біреулердің қасақана әрекеті ме деп күдіктенеді. Өйткені от жұрт шырт ұйқыда жатқан түнгі уақытта тұтанған. Аталған жайтқа құзырлы органдар пікір білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Үш қабатты ескі үйде үш күннен бері электр жарығы жоқ. Соңғы рет өрт шыққанда ажыратып кеткен. Онсыз да ескірген ғимараттың сиқы кетіп тұрған еді. Енді тіпті адам көргісіз. Өрттен соң үйілген қоқыс, ыс басқан қабырға.
Тұрғындар үйдің түріне қарап емес, түнде біреу тағы от қойып, тірідей өртеніп кетеміз бе деп қорқады. Себебі айналдырған екі апта ішінде үйлері бес рет өртенген.
"Шықтық, түннің ортасында отырдық. Күздің қара суығы түсті. Міне, жарық жоқ, үшінші күн, бүкіл азығымыз бұзылып жатыр. Түнде ұйықтауға қорқамыз, үйді тағы өртеп жібере ме деп", – дейді Нәзира Сағымбаева.
Осы айда алғашқы өрт бірінші қазан күні болыпты. Араға апта салып, тағы да кіреберіс пен пәтерлерді қою қара түтін басқан. Енді күнара тілсіз жау тыйылмай тұр, дейді тұрғындар.
Олар біреулердің қасақана от қойып жүргеніне сенімді. Оған қоса, отыз шаңырақ паналап отырған ескі үйге кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанын аңғару қиын. Себебі, іші тас қараңғы. Жертөлесі қаңғыбастар мекеніне айналыпты.
"Үйде су да жоқ. Жағдайымыз адам аярлықтай. Сіздерге өтініш айтамыз, біздің мәселеге назар аударса. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар, қарттар мен балалар бар. Түтіннен тұншығып жатырмыз. Кезектесіп күзетіп тұрмыз, көз іле алмай қойдық. Бір күні өртеніп кетсек ше?!", – дейді Татьяна Афиногенова.
Тәртіп сақшылары тексеру де жүргізген. Соңғы екі өрт электр қалқанындағы ақаудан шығыпты. Оның алдындағысы темекі тұқылынан тұтанған. Өртке ғимараттың ескілігі де себеп болып отыр. Былтыр үйді мамандар апатты деп таныпты. Мамандар жау алыстан келмейді дейді.
"Алдында да бір маскүнем өрт шығарған. Кеше де бір сондай ақпарат болып тұр. Учаскелік инспектор алып кеткен. Дүкен камерасына түскен екен. Әдейі өрт болған. Соны жаққан", – дейді Тұрғын үй қоры мекемесінің басшысы Асхат Қазиев, Ақтөбе қаласы.
Үй ішіндегі өртенген электр сымдарын тұрғындар өз ақшасына жаңадан жүргізу керек. Ал апатты үйде тұратындар пәтер кезегіне алынады. Ол үшін өтініш жазу керек.
Дереккөз: КТК телеарнасы
