Navai-ге қатысты іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Ресейлік рэпер Қазақстаннан шығарылды, деп хабарлайды Жамбыл облыстық ПД-ға сілтеме жасаған astana24.com.
"Келіп түскен сауалдарға байланысты ресейлік рэп-орындаушыға қатысты қылмыстық іс құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын, қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес іс-әрекетіне өкінгенін ескере отырып, ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылғанын хабарлаймыз", – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қабылданған процестік шешімді қадағалау органы бекіткен.
"Шетел азаматы ел аумағынан шығарылды", – деп қосты ведомство.
Navai-дың Қазақстанда ұсталуы
Естеріңізге сала кетейік, 14 қазанда Navai-дың тыңдармандары Астанада жоспарланған концертке бара алмайтыны белгілі болды. Ұйымдастырушылар концерттің тоқтатылғанын мәлімдеді.
Сол күні рэпердің Жамбыл облысында есірткі контрабандасы күдігімен ұсталғаны хабарланды – қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл ретте ресейлік рэпердің директоры Рауф Гусанов әртістің ұсталуына қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал әртістің анасы бұл жағдайды "қолдан ұйымдастырылған" деп атап, ұлының жақында босап шығатынына сенім білдірді.
Осы оқиғаға байланысты Қырғызстанда тексеру басталды. Шекара қызметі музыканттың есірткімен шекарадан қалай өткенін анықтап жатыр, кінәлілер жазалануы мүмкін.
15 қазанда әртіс сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Оның адвокаты Рена Керимова қорғау тарапы жазаны айыппұлмен алмастыруға күш салатынын мәлімдеді.
