Қазақстан Ұлттық банкі жартылай асыл тасы бар AQYQ коллекциялық монетасының айналымға шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.
Ұлттық банктің сайтында "Сиқырлы нышандар" сериясынан номиналы 1 000 теңгелік жаңа коллекциялық монеталар айналымға шығатыны айтылды. Дайындау таралымы – 5 мың дана. Сату 27 қазанда басталады.
Монетаның AQYQ атауы әшекейлер мен сәндік бұйымдар жасауда қолданылатын халцедон тобындағы жартылай асыл тас – ақықпен байланысты.
925 сынамалы күмістен дайындалған монетаға осы ақық тасы қондырылған. Оның массасы – 20 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – antique silver.
"Монетаның көркемдік безендірілуінен қазақ зергер өнерінің қолтаңбасы айқын көрінеді: зерделі сіркелеу әдісі, теріс бетіндегі өрнек пен ақық қондырмасы өзара жарасым тапқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа бауын тағуға мүмкіндік беретін арнайы баулық қарастырылған", – делінген хабарламада.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.
"Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай барлық төлем түрінде қабылдауға, сондай-ақ елдегі барлық банкте банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады", – делінген хабарламада.
