Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия Пара ойындарында пара велоспорттан Қазақстан құрамасы кезекті жарыс күнінде төрт медаль жеңіп алды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
Бүгін, 23 қазанда тасжолдағы жарыс бәсекелері өтті. B класында ерлер арасындағы 65 шақырымдық қашықтықта Наиль Ермұханбет пен Руслан Әлиев 2 сағат 1 минут 21 секунд нәтижесін көрсетіп, алтын медаль еншіледі.
Осы қашықтықта 2 сағат 11 минут 42 секунд нәтижесін көрсеткен тағы бір қазақстандық жұп – Кирилл Илюкевич пен оның пилоты Глеб Бруссенский күміс жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында да бірден екі қазақстандық жұп жүлдегерлер қатарынан көрінді. 55 шақырымдық жарыста Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова 2 сағат 5 минут 47 секунд нәтижесімен алтын медаль жеңіп алды.
Ал Жұлдыз Қайнарова мен оның пилоты Анжелла Соловьева 2 сағат 9 минут 43 секунд уақыт көрсеткішімен күміс жүлдеге ие болды.
Осылайша, ұлттық құраманың еншісінде қазір 12 алтын, 15 күміс және 20 қола медаль бар.
