АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина бейбітшілік туралы келісімге келмесе, оларға қарсы баж салығы енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы astana24.com РИА Новости-ге сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, Ресей мен Украинаға қарсы баж салығын енгізу мүмкіндігі туралы Дональд Трамп Флоридадағы республикашылардың сайлауалды митингінде сөйлеген сөзінде айтты.
"Баж салықтары бізге сегіз соғысты аяқтауға көмектесті. Сегіз жанжалдың бесеуі (шешімін тапқаны – ред. ескертпесі), меніңше, сауда мен баж салықтарының арқасында болды. "Егер соғыса берсеңіздер, екеулеріңізге де 200 пайыз мөлшерінде баж салығын енгіземіз дедік". Сөйтіп олар соғысты тоқтатты", – деді америкалық көшбасшы.
Алайда Ақ үй басшысы елдермен сауда көлемінің аз болуына байланысты бұл тәсілді Украина қақтығысы контекстінде қолдануды жоспарламағанын жеткізді.
"Мүмкін, мұны Украина мен Ресейге қатысты дереу жасауым керек шығар. Бұл туралы ешқашан ойламаппын", – деп қосты Трамп.
