Қазақстан құрамасының өкілі Әсем Орынбай Дохада өтіп жатқан стенд атудан әлем чемпионатында үздік бес спортшының қатарына еніп, Қазақстан қоржынына алғашқы Олимпиада жолдамасын салды, деп хабарлайды astana24.com Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әсем Орынбай әлем чемпионатында үздік бестікке еніп, Қазақстанға алғашқы Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.
Шешуші кезеңде қазақстандық спортшы 24 нысананың 20-сын дәл көздеп, қорытынды есепте бесінші орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Әсем Орынбай – стенд атудан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі. Оның еншісінде 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарының алтын медалі, сондай-ақ 2022 жылы Осиек қаласында өткен әлем чемпионатында командалық микст сайысында жеңіп алған қола жүлдесі бар.
Дохадағы нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионаты 14 қарашаға дейін жалғасады.
