in

Арал теңізіне барған шетелдіктер қиын жағдайға тап болды (видео)

Қызылорда облысында полицейлер қиын жағдайда тап болған шетелдік туристерге көмектесті. Олардың көліктері батпаққа батып қалған, деп хабарлайды astana24.com.

Telegram-дағы "ІІМ жаңалықтары" арнасында хабарланғандай, Қызылорда облысында полиция қызметкерлері қиын жағдайға тап болған шетелдік туристерге дер кезінде көмек көрсетіп, олардың сапарын қауіпсіз жалғастыруына ықпал етті.

Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясынан келген саяхатшылар Арал теңізінің табиғатын тамашалап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат еткен. Алайда теңіз жағалауына бет алған туристер мінген автокөліктер батпаққа батып, әрі қарай қозғала алмай қалған.

Бейтаныс жерде қиындыққа тап болған шетелдік азаматтар "102" арнасына хабарласып, көмек сұраған.

️Хабарлама түскен бойда оқиға орнына Арал аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ержан Құлекенов пен табиғат қорғау инспекторы Нұрсұлтан Сағымбаев жедел жетті.

Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындармен бірлесіп, туристерге қажетті көмек көрсетті. Нәтижесінде саяхатшылар қиын жағдайдан шығып, сапарларын еш кедергісіз әрі қарай жалғастыра алды.