Астанада жеке сот орындаушылар зейнеткерді өз үйінен қуып шықпақ болған. Зейнеткер мен ұлы 8 жылдан бері баспананың өздеріне тиесілі екенін дәлелдей алмай келеді. Іске Құрылтай депутаттары араласты, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Айдос Балтаевтың сөзінше, ол 8 жыл бұрын бизнесін қаржыландыруға инвестор іздеген. Іздеген адамы табылып, екі жақты келісімге қол қойыпты. Алайда, келісімнен кейін ол 10 млн теңге қаражатты беруден бас тартқан. Ал келісімшартта қаражаттың кәсіпкерге берілгені жазылыпты. Осылайша, сан соқтырған инвестор пәтерін босатуды талап етіп, сотқа берген.
"Жеке сот орындаушылар пәтерді нарықтағы бағадан 3 есе төмен бағалап, саудаға қойған. Екіншіден, аукцион заңсыз өтті. Себебі, аукционға тек бір ғана сатып алушы қатысып, сатылыпты. Заң бойынша жалғыз адам қатысса, аукцион ойнатылмайды", – дейді Айдос Балтаев.
Бұл отбасы 8 жылдан бері өз пәтерін бермеу үшін күресіп келеді. Айдос Балтаевтың сөзінше, сот орындаушылар оларды күшпен шығаруға әрекет жасаған. Тіпті, пәтерінің есігін аңдып, есікті бұзбақ та болыпты. Ал анасы зейнеткер. Жылу беру маусымы басталған уақытта үйден күштеп шығаруға заң бойынша тыйым салынған.
"Біздің "E-otinish" арқылы жазған арызымызға бойынша Құрылтай депутаттары Илья Теренченко, Снежанна Имашева жауап берді. Бұл іске араласып, заңсыздық барын анықтады. Құрылтай депутаттарының араласуымен үйден күштеп шығару әрекеті тоқтатылды. Ол кісілерге айтар алғысымыз шексіз", – дейді ол.
"Құрылтай депутаттарының жедел әрекет етуінің нәтижесінде зейнеткерді үйден шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Бұл оған жылыту маусымы бойы өз баспанасында қалуға мүмкіндік берді.
Осылайша, оған мәселені сот арқылы шешуге қосымша уақыт бар. Бұл жағдайда, жылыту маусымында баспанасыз қалу қаупі бар адамның конституциялық құқықтарына қатысты мәселе туындап отырғанын ескеру қажет", – дейді Құрылтай депутаты Илья Теренченко.
Балтаевтар отбасының жылу маусымы біткенше, жылжымайтын мүлкін растап, сотта дәлелдеуіне уақыт бар.
