Ақмола облысында өз көлігімен үйінен шығып, хабар-ошарсыз кеткен 86 жастағы қария аман-есен табылды. Белгілі болғандай, оның көлігі жыраға түсіп кеткен, деп хабарлайды ІІМ-ге сілтеме жасаған astana24.com.
Telegram-дағы "ҚР ІІМ жаңалықтары" арнасында жарияланған мәлімет бойынша, Ақмола облысында полицейлер Сандықтау ауданы Шантөбе кентінің 86 жастағы тұрғынын табуға көмектескен. Ол жеке көлігімен жолға шығып, кейін жоғалып кеткен.
"Жалғыз тұратын зейнеткер ВАЗ-2107 көлігімен жолға шыққан. Алайда көлігі жол жиегіндегі жыраға түсіп кеткен. Егде жастағы ер адам өздігінен шыға алмаған, сондай-ақ болған жағдай туралы жақындарына хабарлай алмаған", – делінген хабарламада.
Келесі күні зейнеткер байланысқа шықпаған соң, туыстары алаңдай бастаған. Олар ер адамның жоғалғаны туралы дереу Сандықтау аудандық полиция бөліміне хабарлаған.
Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері мен жоғалған қарияның туыстары жедел кіріскен. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеп, зейнеткердің жүріп өткен бағытын анықтаған және одан әрі іздестіру шараларын ұйымдастырған.
Сол күні полицейлер жол жиегіндегі жыраға түсіп кеткен автокөлікті тапқан. Көлікте жоғалған зейнеткер болған. Осылайша, қария аман-есен табылып, туыстарымен қауышқан.
