in

Автобусқа балалар арбасымен кіру: министр Әсел Жанасова ата-аналарға үндеу жасады

Көлік министрі Әсел Жанасова автобусқа балалар арбасымен кіруге тыйым салынғаны туралы желіде тараған ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com.

Әсел Жанасова Threads желісінде жазба жариялап, қазақстандық ата-аналарға үндеу жасады. Ол әлеуметтік желіде қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге қатысты өтініштер мен сауалдар түсіп жатқанын жеткізді.

"Осы мәселеге жеке өзім түсініктеме бергім келеді. Қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге ешқандай тыйым салынған жоқ және салынбайды да.

Мүмкіндік болса, арбаны жинап қоюға болады. Ыңғайсыз болса, балаңыз ұйықтап жатса немесе арбада отырса, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, арбаны жиналмаған күйінде алып жүре аласыз.

Ешкім ата-ананы кішкентай баласымен жүргені үшін арбасын жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлей алмайды. Көлік министрі ретінде қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды.

Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сауалдарды ескере отырып, екіұшты түсіндіруге жол бермеу, сондай-ақ жолаушылардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті ережелерді қайта қарауға жіберу туралы шешім қабылдадым", – деді Әсел Жанасова.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі желіде тараған автобусқа балалар арбасымен кіруге тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. Ведомство қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балалар арбасымен қоғамдық көлікте жүруіне тыйым салмайтынын нақтылады.