Түлектердің ҰБТ-дағы пәндер комбинациясының бірін алып тастау жоспарына қатысты үндеуінен кейін Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com.
Бұған дейін 2027 жылы ҰБТ-ны "Химия – Физика" комбинациясы бойынша тапсыруға дайындалып жатқан қазақстандық түлектер оны алып тастау жоспарына наразылық білдірген еді. Ол кезде Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) келесі жылдан бастап бұл комбинацияның орнына "Химия – Биология" пәндерін түпкілікті бекіту көзделгенін мәлімдеген болатын.
Алайда бүгін ҰТО жаңа мәлімдеме жасады. Орталықтың Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, 2027 жылы "Химиялық инженерия және процестер" білім беру бағдарламалары тобы бойынша "Химия – Физика" немесе "Химия – Биология" комбинацияларын таңдау мүмкіндігі сақталады.
"Бұл шешім талапкерлерден келіп түскен өтініштерді ескере отырып қабылданды. Осылайша, 2027 жылы өтпелі кезең қарастырылып, талапкерлерге өз қалауы мен мүмкіндіктеріне қарай екі комбинацияның бірін таңдау құқығы беріледі", – деп мәлімдеді Ұлттық тестілеу орталығы.
Орталықтың мәліметінше, "Химия – Биология" комбинациясына көшу туралы бастаманы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен бейінді кәсіпорындар – жұмыс берушілер ұсынып, қолдаған болатын. Бұл өзгеріс талапкерлердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және саладағы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.
"Аталған комбинация бойынша талапкерлер бұрынғы "Химия – Физика" комбинациясымен салыстырғанда, білім берудің төрт бағыты бойынша 18 білім беру бағдарламасына грант конкурсына қатыса алады. Ал бұрынғы комбинация бойынша мұндай мүмкіндік тек бір бағытпен шектелген", – делінген хабарламада.
"Химия – Биология" комбинациясына толық көшу 2028 жылғы ҰБТ-дан бастау жоспарланып отыр.
