Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы Ақсай қаласында аудандық прокуратураның жаңа әкімшілік ғимараты салтанатты түрде ашылды. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысан құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсартып, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды аудан әкімдігі.
Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында аудандық прокуратураның жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында және прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында өтті.
Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы Ихсанов, прокуратура саласының ардагерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен сала өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтары және заңды мүдделерін қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде "Заң мен тәртіп" қағидатын орнықтыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Әділетті қоғам қалыптастырудың негізі – заңның мүлтіксіз сақталуы және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі.
Жаңа ғимарат прокуратура қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне, тұрғындардың өтініштерін сапалы қарауға және халыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді", – деді Нариман Төреғалиев.
Жаңа әкімшілік ғимарат прокуратура қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған. Заманауи талаптарға сай салынған қос қабатты нысанның жалпы ауданы 576 шаршы метрді құрайды.
Ғимарат қызметтік жұмысқа қажетті кеңістіктермен қамтылып, қызметкерлердің міндеттерін тиімді атқаруына қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, мұндай нысандардың пайдалануға берілуі мемлекеттік органдардың жұмысын жаңғыртуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және азаматтармен өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың маусым айында басталып, 2026 жылдың қазан айында толық аяқталған. Жоба 15 айға жоспарланып, белгіленген мерзімде жүзеге асырылды. Құрылысқа тапсырыс беруші – "Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы" мемлекеттік мекемесі, мердігер – "Батыс Құрылыс қызметі" ЖШС. Техникалық қадағалауды "Күмбез" ЖШС, авторлық қадағалауды "Astana-Project" ЖШС жүргізді. Жобаның жалпы құны 258 миллион 586 мың 428 теңге 93 тиынды құрады.
Жаңа ғимараттың ашылу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Алғашқы сөз ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған игі бастамалардың маңызын айқындады. Құттықтау сөздерден кейін прокуратура саласының ардагері Жеңіс Қапезұлы Қапезовке құрмет көрсетілді. Оның саладағы адал еңбегі мен қызметтік жолы жас мамандар үшін үлгі екені атап өтілді.
Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі – жаңа ғимараттың лентасын қию болды. Бұл құрмет облыс әкімі Нариман Төреғалиевке, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлына және прокуратура саласының ардагері Жеңіс Қапезұлы Қапезовке ұсынылды. Осылайша, жаңа нысан ресми түрде пайдалануға беріліп, қатысушылар ғимараттың ішкі тыныс-тіршілігімен танысты.
Іс-шара барысында қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыруға да назар аударылды. "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында ғимарат аумағына ағаш отырғызу рәсімі ұйымдастырылды. Бұл бастама жаңа нысанның айналасын көркейтіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған жердің тазалығы мен жасыл желегін сақтауға бағытталған.
"Бөрлі аудандық прокуратурасының жаңа ғимараты – мемлекеттік органның материалдық-техникалық базасын нығайтуға арналған кезекті нысан ғана емес, заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Заманауи жұмыс жағдайы прокуратура қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін сапалы орындауына серпін беріп, тұрғындардың мемлекеттік органға деген сенімін нығайтуға ықпал етпек.
Жаңа ғимараттың ашылуы аудан өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде есте қалды. Ендігі міндет – осындай қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, заң үстемдігін нығайту, әділдікті қамтамасыз ету және халық мүддесіне қызмет ету", – делінген хабарламада.
