Қарағандыда "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында қала әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Жұмыс полиция органдарымен, білім беру ұйымдарымен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп жүргізілуде. Негізгі назар құқық бұзушылықтардың, тәуелділіктің және алаяқтықтың алдын алуға, жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға аударылған.
Негізгі бағыттардың бірі – "Salauatty ómir saltyn tańda" жобасы. Жоба аясында 50 мыңнан астам адамды қамтыған 160 профилактикалық кездесу және есірткі жарнамаларын жою бойынша 60 рейд өткізілді. Сонымен қатар 20 құқықтық квест және 50-ден астам мәдени-демалыс іс-шарасы ұйымдастырылды. Профилактикалық бейнероликтер 3,5 миллионнан астам пайдаланушыны, ал сотталғандармен жүргізілген сұхбаттар 600 мыңнан астам адамды қамтыды.
Профилактикалық жұмыс қаланың екі ауданын да қамтиды. 2026 жылдың басынан бері Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда 22 мың адамды қамтыған 150 іс-шара, ал Қазыбек би атындағы ауданда 31 мың адамды қамтыған 165 іс-шара өткізілді.
Іске асырылған бастамалар қатарында "Құқықтық дәріхана", "Құқықтық тәртіп өзімнен басталады", "Құқықтық тәртіп әліппесі", "Құқық қалтада", "Балалар үшін қауіпсіз жол", "Қауіпсіз аула" акциялары, "Заң мен тәртіп" квесттері, құқықтық викториналар мен тақырыптық кездесулер бар. Аталған іс-шаралардың барлығы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, интернет-алаяқтықтың алдын алуға және жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тартуға бағытталған.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында оң динамика байқалуда. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың 10 айында 14-35 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген құқық бұзушылықтар саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,1%-ға, яғни 439-дан 298-ге дейін азайды. 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 54,5%-ға, яғни 33-тен 15 жағдайға дейін төмендеді. Ал есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар саны 63,6%-ға, яғни 33-тен 12-ге дейін қысқарды.
Кешенді профилактикалық жұмыс құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және Қарағанды қаласының жастары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.
