Павлодар облысындағы Береке ауылы батпаққа батып отыр. Күз бен көктемде көшелермен жүру мүмкін емес. Жаяу кісі түгілі көліктің өзі жүре алмайды. Тұрғындар мәселесін айтып, әкімдікке сан мәрте барған. Алайда, одан қайыр болмапты.Ауыл халқы жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Қали Әбиіктің – 4 баласы бар. Балаларын сабаққа апару үшін өзімен бірге бірнеше аяқ киім алып жүреді. Өйткені, көшедегі қой батпақтан аяқ алып жүру қиын. Өзі тұратын Абай көшесіне өмірі асфальт төселмепті.
"Мына көшеге амал өлшеу алып, бір асфальт салғызып берулерін тілеймін. Мынаған ешбір адам жүретін мүмкіншілік қалған жоқ. Міне, батып қалады қандай бір машина келсе де, скорый келсе де, өстіп жағдайымыз күннен күнге ауырлап бара жатқан жағдай боп бара жатыр", – дейді ауыл тұрғындарының бірі Қали Әбиік.
Ақсу қаласына қарасты Береке ауылында мың жарым адам тұрады. Мұндағы көшелердің жартысында асфальт жоқ. Тұрғындар күз бен көктемде толарсақтан саз кешіп отыр.
"Жолды көріп тұрсыздар. Быт-шыт. Бұл көктемде бұдан ужас боламыз. Күзде де осы. Қазір біти сәл қатып жатыр. Көріп жатырсыздар. Жүру мүмкін емес болып жатқанын. Қазірдің өзінде галошпен жүріп жатырмыз. Сәл қатып тұрған күннің өзінде. Бұл "Ата заң" көшесі деген ұзын көше көріп тұрсыздар ана шеттен мына шетте барады. Сол себепті трасса керек болып тұр", – дейді Береке ауылының тұрғыны Анаргүл Бақты.
Ауылдағы көшелер де жарық та жоқ. Тұрғындар мектептен қараңғыда қайтатын балалары үшін алаңдайды. Ауыл әкімі бұдан хабардар. Жол мен жарық мәселесін шешетінін жеткізді.
"Береке елінде 18 жол бар. Соның тоғызы асфальтталынып, тоғызы әлі асфальт күтуде. Соның төртеуі қыркүйек, қазан айында бізде мердігер жеңіп, бұның жобасын әзірлеуге кіріскен болатын. Бүгінгі күні жоба әзірленді. Ол да орталық сараптауға тапсырылған болатын", – дейді Достық ауылдық округінің әкімі Руслан Омаров.
Жолдарды жөндеуге жобалық сметалық құжаты жасалынған. Жоба сараптамадан өткен соң, бюджеттің мақұлдауына жіберілмек. Сол себепті көшелерге асфальттың нақты қашан салынатыны әзірге ешкім дөп басып айта алмай отыр.
