in

Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылды", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Нағаспаев 2025 жылғы ақпанда Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалып, биылғы қыркүйекте өз лауазымын сақтап қалған еді.

Ерсайын Қайырғазыұлы 1980 жылы 28 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келді. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін "Халықаралық экономикалық қатынастар" мамандығы бойынша бітірген.

Ол еңбек жолын Теміртау қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы болып бастаған.

Әр жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде, "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" РМК-да және "Новострой Астана" ЖШС-де басшылық қызметтер атқарған.

Сондай-ақ ол ҚР премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі, Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары, Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, "Астана" ӘКК" АҚ басқарма төрағасы болған.

2021 жылғы сәуірден 2022 жылғы қаңтарға дейін "ҚТЖ" ҰК" АҚ қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеген.